5 маусымда Осло қаласында Норвегия үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік ұйымдастырған Жоғары байытылған уранды (ЖБУ) пайдалануды барынша азайту жөніндегі 3-ші халықаралық симпозиум өз жұмысын бастады. Симпозиумның мақсаты саясаткерлер мен техникалық сарапшылардың өзекті әзірлемелер саласындағы өзара іс-қимылын, ақпарат алмасуын және азаматтық секторда ЖБУ пайдалануды әрі қарай азайтуға күш салуды ұйымдастыру болып табылады.
Симпозиумға әлемнің 30 елінен келген 100-ге жуық дипломат, сарапшы, техникалық маман қатысуда. Үш күн бойы зерттеу реакторларының ЖБУ отынын конверсиялау және қайтару, төмен байытылған уран (ТБУ) отынын жетілдіру және радиоизотоптар өндіру кезінде ЖБУ пайдалануды азайту мәселелері талқыланатын болады.
Симпозиумға қатысушылардың алдында Норвегияның Сыртқы істер министрі Eriksen Søreide ханым сөз сөйледі, ол өз сөзінде азаматтық секторда ЖБУ пайдалануды азайту – жаппай қырып-жоятын қаруды жасау үшін пайдаланылуы ықтимал ядролық материалдардың таралу қаупін азайту жөніндегі халықаралық күш-жігердің маңызды бағыты болып табылатындығын атап көрсетті.
Симпозиумға Қазақстан Республикасының атынан бас директор
Э.Ғ. Батырбеков бастаған Ұлттық ядролық орталықтың делегациясы қатысуда.
Симпозиум жұмысының алғашқы күні ЖБУ отынын қайтару мәселесі жөніндегі панелдік сессия шеңберінде Эрлан Ғаділетұлы қазақстандық зерттеу реакторларының отынын конверсиялау мен қайтаруға арналған кеңейтілген баяндамасын ұсынып, аталған бағытта қол жеткізілген жетістіктермен және алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Баяндамада бүгінгі таңда Ядролық физика институтының ВВР-К зерттеу реакторының пайдаланылған ЖБУ отынын конверсиялау және әкету толық аяқталғандығы туралы айтылды. Ұлттық ядролық орталықтың ИВГ.1М және ИГР зерттеу реакторларын конверсиялауға қолдау көрсетуде үлкен көлемде есептік-эксперименттік зерттеулер орындалды. ИВГ.1М реакторында ТБУ отынындағы екі эксперименттік арнаға сынақтар жүргізілуде, ИГР реакторының ТБУ отынын сынақтарға дайындау жүзеге асырылуда. Сонымен қатар осы реакторлардың ЖБУ отынын қайта өңдеу және әкету мәселесі пысықталуда.
Соңынан жүргізілген пікірталастар барысында Симпозиумға қатысушылар ұсынылған баяндаманың ақпараттылығын және Қазақстан Республикасында зерттеу реакторларын конверсиялау жұмысындағы жалпы ілгерілеуді атап көрсетті. Сондай-ақ панелдік сессия төрағасы алдағы жұмыс шеңберінде ЖБУ отынын қайтару жөніндегі жұмыс тобының қорытынды есебін дайындауға қосқан қомақты үлесі үшін қазақстандық мамандарға алғысын білдірді. Дайындалған есеп Симпозиумда аталған бағыт бойынша халықаралық қызметтің қазіргі мәртебесін кең ауқымда талқылауға негіз болды.
ҰЯО