Астанада өткен «Қазақстаннның Ядролық қоғамы» (ҚЯҚ) қауымдастығының есепті конференциясында ұйымның 2014 жылдағы қызметінің қорытындысы жасалды. Кеңейтілген отырысқа «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ құрамындағы кәсіпорындардың өкілдері, ҚР ЭМ Атом энергиясы жөніндегі комитетінің және «Ұлттық ядролық орталық» РМК басшылары қатысты.
Қазақстанның Ядролық қоғамының президенті – ҚР энергетика министрі Владимир Школьник бүкіл дүние жүзілік атом саласының өскелең маңызына тоқталып, конференция қатысушыларын бұл бағытта министрліктің атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды.
ҚЯҚ атқарушы директоры Наталья Жданова қауымдастықтың 2014 жылдағы қызметі туралы есепті баяндама жасады. Есепті кезеңде атқарылған жұмыстар ауқымды – Ядролық физика институтында үкіметтік емес ұйымдарға арналған семинарлар, көрмелер, экологиялық турлар өткізіліп, қазақстандық мамандар, ҚР Парламенті депутаттары (суретте: депутаттар Ростов АЭС-да), ғалымдар үшін шет елдердегі атом өнеркәсібі кәсіпорындарында машықтанулар мен сапарлар ұйымдастырылған.
Конференция қатысушылары ҚЯҚ жанындағы атом саласы ардагерлерінің «ҚР атом ғылымы, энергетикасы және өнеркәсібі ардагерлері» (ҚР АҒЭӨА) ұйымын құру туралы Ережені бекітті. ҚР АҒЭӨА кеңесінің төрағасы болып «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қызметкері Тілеу Дайырбеков сайланды. Жаңа құрылым ардагерлердің экономикалық, әлеуметтік, еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға көмектесетін болады.
Отырыс соңында ҚЯҚ мүшелері ұйымның 2015 жылға арналған жоспарын бекітіп берді. Қоғамдық ұйым алдағы уақытта атом саласындағы кәсіпорындардың қызметкерлеріне арнап ірі экологиялық іс-шаралар мен семинарлар өткізуге, сондай-ақ мектеп оқушыларына арналған бірлескен ақпараттық-оқыту бағдарламасын іске асыруға ниетті.
ҚЯҚ