Алматыда «Қазақстанның ядролық қоғамы» (ҚЯҚ) қауымдастығының жылдық қорытындысының қызметіне арналған конференция болып өтті. Іс-шараға «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК құрамындағы кәсіпорындардың, ҚР ИЖТМ Атом энергиясы комитетінің, «Ұлттық ядролық орталық» РМК және тағы басқалардың өкілдері қатысты.
Басқосуды Қазақстанның ядролық қоғамының президенті – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма Төрағасы Владимир Школьник ашып берді. Ол өз сөзін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында атап көрсеткен міндеттерден бастады.
- Мемлекет басшысы егер біз әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 30 елінің қатарына енгіміз келсе, осыны жасауымыз керек деп атом энергетикасына қатысты өзінің көзқарасын анық жеткізді. Қазақстанның ядролық қоғамы еліміздің жоғары технологиялары саласындағы үздік инженерлер мен үздік технологтарды, үздік университеттер мен үздік ғылыми орталықтарды біріктіріп отырғандықтан бұл бізге де айрықша жауапкершілік жүктейді. Бұл біздің Қазақстан халқы алдындағы азаматтық парызымыз, еліміздің инновациялық дамуына қосар үлесіміз болмақ, - деді Ядролық қауымдастық басшысы.
ҚЯҚ міндеттері туралы айта келе Владимир Школьник кәсіпорын басшыларын атом саласымен қатар, баламалы энергетиканы, ғылымды көп қажетсінетін технологиялар мен сирек жер металдар саласын да дамытуға шақырды. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма Төрағасы жасыл энергетиканы насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. «Ядролық энергетика – таза энергетика, ол жасыл технологиялардың бір түрі. Жасыл энергетикамен шұғылданғандар ядролық, күн және жел энергетикаларымен де шұғылданады», - деп түйіндеді сөзі Владимир Школьник.
ҚЯҚ-ның 2013 жылдағы қызметі туралы қауымдастықтың атқарушы директоры Наталья Жданова есеп берді. Бүгінгі таңда ҚЯҚ құрамында 45 ұйым бар. Қоғам халықаралық ынтымақтастық, ақпараттық қамтамасыз ету, экологиялық ҮЕҰ-мен, жастармен және тұрғындармен ынтымақтастық орнату бағытында жұмыстар жүргізіп келеді.
2013 жылғы шілдеде ҚЯҚ 20 жылдығына арнап «Атом энергетикасының болашағы және жаңартылатын қуат көздері» тақырыбына халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырды. Өскемендегі «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ базасында өткен аталмыш іс-шараға Қазақстанның ядролық қоғамы құрамындағы кәсіпорындардың, сондай-ақ АҚШ, Жапония, Ресей және Францияның ядролық қоғамдары мен ұйымдарының өкілдері қатысты.
Қазан айында Ресейдің Ядролық қоғамымен бірге әзірленген «Адам. Қоғам. Табиғат. Ядролық технологияларға оң көзқарас қалыптастырудағы әйелдердің рөлі» тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстел барысында экология, денсаулық сақтау, радиацияның адам организміне, әсіресе әйелдер мен балаларға әсері талқыланды. ҚЯҚ осы мәселелер бойынша жұртшылықпен жүргізілген өз жұмыс тәжірибелері туралы баяндама жасады.
Қазатомөнеркәсіп пен ҚЯҚ-ның өндіруші кәсіпорындардағы бірлескен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да назар аударарлық. Қауымдастық мұндай іс-шараларға ақпараттық қолдау көрсетіп, буклеттер мен журналдар әзірледі, тұрғындармен жұмыстар жүргізді, ҮЕҰ үшін Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарына экологиялық турлар ұйымдастырды.
Сонымен қатар, ҚЯҚ сала мамандарын аттестациядан да өткізеді. ҚЯҚ мамандары 70 біліктілік тестін дайындап, тәуелсіз сарапшылар ретінде қызметкерлерді аттестациялауға қатысты.
Қазақстанның ядролық қоғамы өскелең ұрпақпен де белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда, қоғам жоғары сынып оқушылары мен студенттер үшін лекциялар, семинарлар, экскурсияларды тұрақты түрде өткізеді. Радиациялық қауіпсіздік бойынша мұндай лекциялар «Байкен-U» және «КБ-6» кәсіпорындарына жақын маңдағы ауыл балаларына арнап ұйымдастырылды. Ал «Байкен-U» кенішіне жақын ауылдарда тұратын бір топ оқушылар Астанаға жасалған техникалық турға қатысып, Оқушылар сарайымен де танысып қайтты.
Ядролық қоғам қатысушылары мектеп оқушылары мен ЖОО студенттері арасында ғана емес, сала кәсіпорындары қызметкерлері арасында да білім деңгейін көтеру жұмыстарын жүргізуге қатысуға шешім қабылдады. «Шындық сол, тиісті дәрежесі мен квалификациясын алу үшін ғылымға бейімі бар жастарға мүмкіндік беру керек. Ғылыми-өндірістік қызметпен шұғылдану қажет», - деді В.Школьник.
Конференцияда сондай-ақ, ҚР ИЖТМ Атом энергиясы комитетінің төрағасы Т.М. Жантикин, «ҮМЗ» АҚ Уран өндірісі директорының орынбасары В.В. Вахненко, ҰЯО Бас директоры Э.Г. Батырбеков, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС Бас директоры С.Н. Өтебаев баяндама жасады.
Басқосу соңында ҚЯҚ мүшелері 2014 жылға арналған жұмыс жоспарына өз ұсыныстарын енгізді. Солардың қатарында ірі экологиялық іс-шаралар, сала кәсіпорындарының қызметкерлері үшін семинарлар ұйымдастыру, сондай-ақ оқушыларға арналған бірлескен ақпараттық-оқыту бағдарламаларын жасау ұсыныстары мақұлданды.
 

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы