Үкімет ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін төртінші мұнай өңдеу зауыты мен Атом электр стансасының құрылысы мерзімдеріне инвестициялар көзі мен оларды орналастыру мәселелерін шешуі керек. Бүгін Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялаған ҚР Президенті Н. Назарбаев Үкіметке осындай тапсырма жүктеді. «Мұнай мен газы бар елге Атом электр стансасы неге керек? Мұндай сұрақ қойылып та жүр. Жалпы, біз қолға алған кез келген мәселе бойынша жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек. Олар түсінулері шарт. Әйтпесе, басқа біреулер түсіндіруге кіріседі де бәрін былықтырады», - деді Елбасы. Сонымен қатар, Н. Назарбаев әлем болашағы Атом электр стансасында екенін атап өтті. «Газ жағу - бұл құнды қағаздарды, теңге мен долларды отқа жаққанмен тең. Бұның орнына біз өнімнің жүздеген түрлерін шығарып, оның құнын арттыратын едік. Ал мұнайды пайдалану - бұл да долларды отқа жаққанмен тең. Біз бүкіл әлемге уранды жеткізетін елміз. Бұл таза энергетика, ал ондай энергетика уранға бай біздің қолымызда болуы керек. Ең ақыры, бұл біздің ғылыми-техникалық прогресіміз. Мұндай стансалары бар мемлекеттер қазір басқа санаттағы елдерге жатады. Ең бастысы, бұл таза энергетика», - деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар, Елбасы Атом энергетикасына қатысты айтылатын қауіптерге де тоқтала келе, соған қарамастан бірқатар Еуропа елдері балама энергетика ретінде осы бағытты құптап отырғанын, Жапонияның өзінде осы саланың дамуы тоқтап қалмағанын жеткізді. «Мұнай өңдеу мәселесінде де сұрақтар пысықталды. Көпке созбау керек. Қазақстанды өз мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуіміз қажет», - деп түйіндеді Н. Назарбаев.
KAZINFORM