Алжирлық мамандардың сапарына ҚР Ұлттық ядролық орталығының ССП аумағын және оның инфрақұрылымдарын қауіпсіз күйге келтіру тәжірибесін зерделеуге деген қызығушылық себеп болды.

Алжирда бұрынғы ядролық сынақ полигоны орналасқан. Алжирлық мамандардың да алдында бір кездері Ұлттық ядролық орталық мамандары бастан өткерген полигонды қауіпсіз күйге келтіру, ремедиациялау мәселелері тұр.

Мұндай зерттеу және ремедиациялау жұмыстарының бірегей тәжірибесі Қазақстанда бар және оны ҚР Ұлттық ядролық орталығының мамандары жүзеге асыруда.

ҚР ҰЯО құрылған кезде алға қойылған негізгі міндеттердің бірі – ядролық қару сынақтарының инфрақұрылымын жою болды. Әлемде бірінші рет осы салада Семей сынақ полигонында ядролық сынақтар жүргізу салдарын жою технологиясы әзірленіп, қолданылды. Бұл технологиялар жаппай қырып-жоятын қарудың және олармен байланысты материалдардың, технологиялар мен білімнің таралуына жол бермеуге мүмкіндік берді. ССП-ның сынақ инфрақұрылымы жойылды, оның ішінде ядролық қаруды сынауға арналған 181 штольня консервацияланып, жабылды. Арнайы технологиялық жабдықты алып шығуға, бетон және темірбетон қорғаныш тосқауылдарын жасауға қол жеткізілді. Тосқауылдар күшейтілді, қосымша тосқауылдар жасау және ЯҚҚ бар бокстарды арнайы байланыстырушы езіндімен толтыру арқылы ядролық қызмет қалдықтарына рұқсатсыз қатынаудың жолы кесілді.

Бүгінгі күні ауданы 9210 км2 аумаққа (полигонның жалпы ауданының 50%-ы) кешенді экологиялық зерттеу жүргізілді. ССП-ның «солтүстік» аумақтарын, «батыс» және «оңтүстік» бөліктерін тексеру нәтижелеріне МАГАТЭ-нің оң сараптамалық шешімдері алынды. Эксперименттік «Фермерлік шаруашылықта» нақты эксперименттер сериясы жүргізілді. Нәтижесінде ҰЯО мамандары Қазақстан Республикасының табиғат-климаттық жағдайларында қолданылатын ауылшаруашылық өнімдеріне радионуклидтердің өту параметрлерін алуға қол жеткізді.

Бұған дейін пайдалану болжанбаған жерлер қолданыла бастады. Мысалы, бұрын 105 ядролық жарылыс жүргізілген «Балапан» алаңында «Қазмырыш» ЖШС-нің өнеркәсіптік қалдықтар полигоны салынды. Бүгінде құрамында күшала бар 55,5 мың тонна қалдық қабылданды.

ҚР ҰЯО-ның бұрынғы ССП-дағы осы және басқа да жұмыстары алжирлық әріптестерге көрсетілді.

Жұмыстардың нәтижелері, ҚР ҰЯО мамандарының жоғары біліктілік деңгейі, жұмыстардың әдістері мен формалары, кәсіпорынның заманауи аппаратуралық-әдістемелік базасы ұсынылған бұл алғашқы сапар алжирлық мамандардың ең жоғары бағасына ие болды. Алжир мамандары ынтымақтастықты жалғастыруға қызығушылықтарын білдірді.
 

ҚР ҰЯО