Ұлттық атом компаниясы басқармасының төрағасы әр жылдары зейнет демалысына шыққан Қазатомөнеркәсіптің бұрынғы қызметкерлерімен кездесті. Атом саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орайластырылған мұндай басқосулар компанияда жыл сайын тұрақты өткізіліп келеді.
Асқар Жұмағалиев айтып өткендей, «бұл - зейнеткерлермен жай жүздесу емес, бұл - атом саласында мол тәжірибеге ие сарапшылармен кездесу. Компанияның қалай дамып келе жатқанын бұрынғыдай қадағалап отыратын олардың көзқарасы біз үшін қашанда маңызды. Оған қоса, әрине, бұл - өмірінің керемет жылдарын компаниямызға арнаған адамдарға деген құрметтің белгісі».
Зейнеткерлерді төл мерекемен құттықтаған Асқар Жұмағалиев Қазатомөнеркәсіп ұжымының үстіміздегі жылы қол жеткізген басты табыстары туралы әңгімелеп берді.
«Биыл біз трансформациялау бағдарламасын іске асырудың белсенді кезеңіне аяқ бастық. Жағдаяттық орталықты іске қосып, «СаУран» кәсіпорнында «Санды кеніш» жобасын жүзеге асырдық. Енді сол жерден өнім өндіру көлемін онлайн режимде бақылай аламыз. Сондай-ақ, Өскеменде отын құрамаларын шығаратын зауыт құру жөніндегі жобаны қолға алдық және «Инкай» бірлескен кәсіпорнындағы үлесімізді 40-тан 60%-ға ұлғайту жөнінде канадалық серіктестермен келісімге қол қойдық», - деді Асқар Жұмағалиев.
Кездесу қатысушылары өндірісті әртараптандыру үдерісін бастаудың маңыздылығын айрықша атап көрсетіп, стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуде компания ұжымына табыстар тіледі.
Қазатомөнеркәсіп