Бүгін Астанада KAZENERGY ХІ Еуразиялық Форумы аясында «Атом саласындағы жаңа технологиялар мен шешімдер: цифрлық технологияларды енгізу тәжірибесі» бағдарламалық сессиясы болып өтті. Сессияға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Трансформация және арнайы жобалар жөніндегі басқарушы директоры Адамас Илькявичус төрағалық етті. Қатысушылар қатарында халықаралық компаниялардың өкілдері, сарапшылар мен сала мамандары болды.
Ұлттық атом компаниясының трансформация және кадрлық саясат жөніндегі бас директоры м.а. Мирас Қасымов «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да бизнес үшін цифрлық шешімдер туралы баяндама жасады. М. Қасымов айтып өткендей, бүгінде трансформация бағдарламасы аясында Қазатомөнеркәсіпте өндрісті автоматтандыру және цифрландыру бойынша бірқатар жобалар енгізіліп жатыр. Олардың арасында толықтырылған нақтылық технологиясы/3D, АСУТП, SAP ERP жүйесі, Жағдаяттық орталық, дайын өнімді қаптау тармағын роботтандыру, сондай-ақ компаниядағы цифрландыру жобаларының ішіндегі флагманы саналатын Цифрлық кеніш бар.
«Цифрлық кеніш – Индустрия 4.0 дегенді білдіретін әралуан жүйелер кешенін өндірісте енгізуге қызмет ететін базистің дәл өзі. Бұл – аддитивтік технологиялар, толықтырылған нақтылық, big data және тағы басқалар. Жоба «Қазатомөнеркәсіп-SaUran» кәсіпорнында пилоттық кезеңнен өтіп үлгерді. 2018-2019 жылдар компанияның қалған өндіруші кәсіпорындарының барлығына қарқынды тарату кезеңі болады деп жоспарлап отырмыз», - деді Мирас Қасымов.
«Цифрлық кеніш» жобасын енгізу басталғалы бері бірқатар тиімділіктерге қол жеткізілді, атап айтқанда, жабдықтарды диагностикалау 14 күннен 2 күнге қысқарды, ұңғыманың төмендетілген өнімділігі уақыты екі есеге қысқарды. Бұдан бөлек электр энергиясын тұтыну 10%-ға төмендегені және есептілікті дайындау уақыты да қысқарғаны анықталды.
KAZENERGY ХІ Еуразиялық Форумы биыл «Болашақ энергиясын жасай отырып» деген тақырыппен өтіп жатыр. Қатысушылар арасында ірі халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ трансұлттық мұнай-газ және энергетикалық компаниялардың өкілдері бар. Форум бағдарламасы тұрақты қуат көздерін тиімді басқарумен, өндірісті басқарумен, энергиялық ресурстарды сақтау және пайдаланумен байланысты мәселелер мен проблемаларды әлемдік энергетикалық компаниялардың талқылауына бағытталған.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ