7-9 наурыз аралығында Токио қаласында (Жапония) Азиядағы Ядролық кооперация форумы (Forum of Nuclear Cooperation in Asia, FNCA) үйлестірушілерінің 18-ші кеңесі және FNCA-дің ядролық залал үшін жауапкершілік жөніндегі халықаралық семинары өтті. Оған ҚР ҰЯО РМК атынан бас директор Э.Ғ. Батырбеков бастаған делегация қатысты.

Үйлестірушілер кеңесі мен халықаралық семинарды Жапония Министрлер кабинетінің хатшылығы (CAO), Жапонияның Атом энергиясы жөніндегі комиссиясы (JAEC) және Жапонияның білім, мәдениет, спорт, ғылым және технология министрлігі (MEXT) ұйымдастырды. Кеңеске FNCA-ге қатысушы 12 елдің: Австралия, Бангладеш, Қытай, Индонезия, Жапония, Қазақстан, Корея, Малайзия, Монғолия, Филиппин, Тайланд және Вьетнам елдерінің өкілдері қатысты.

Кеңесте Форум жобалары (бағыттары) басшыларының 2016 жылы жүргізілген жұмыстары мен осы кезеңде қол жеткізген нәтижелері туралы баяндамалары тыңдалды.

Зерттеу реакторларының желілері мен нейтрондық-активациялық талдауды дамыту бойынша Форум жобаларының қызметін талқылау сессиясының төрағасы ретінде Эрлан Батырбеков сөз сөйледі. Сессияда бұл жобалардың жетістіктері, оларды жалғастыруға деген Форумға қатысушы елдердің қызығушылығы атап көрсетіліп, зерттеу реакторларын қолдану жөніндегі жаңа жобаға оларды интеграциялау бойынша ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ бұл жаңа жобада радиациялық материалтану жөніндегі қызметті жандандыру ұсынылды.

Кеңесте одан әрі талқылау қорытындылары бойынша мына 8 бағыт: радиациялық онкология, мутациялық селекция, радиациялық қауіпсіздік және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу, физикалық ядролық қауіпсіздік және кепілдемелер, зерттеу реакторларын қолдану, биотыңайтқыштар, электрондар үдеткіштерін қолдану, климаттың жаһандық өзгеруін зерттеу бойынша 2017 жылы FNCA-ге қатысушы елдердің ынтымақтастығын жалғастыру туралы шешімдер қабылданды.

ҚР ҰЯО