Астанада атомшылардың кәсіби мерекесі атап өтілді. Атом саласы қызметкерлерінің күніне орайластырылған салтанатты жиналыста «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев әріптестерін мерекемен құттықтап, олардың компания дамуы мен еліміз экономикасына қосқан үлестерін айрықша атап көрсетті.
– Мемлекет басшысының қолдауы арқасында Қазатомөнеркәсіп уран өндіру жөнінен әлемдік көшбасшыға айналды. Отандық компаниялардың барлығы бірдей мұндай табысымен мақтана алмайды. Біз алдымызға мұнан да биік мақсаттарды қойып отырмыз – конверсиялық зауыт салуды, сондай-ақ бүкіл әлемнің АЭС-лары үшін ядролық отын жеткізіп беруді жоспарлағанбыз. Бұл міндеттерді орындау үшін бізде кәсіби білікті және ынтымақты ұжым бар, - деді өз құттықтау сөзінде Асқар Жұмағалиев.
Бүгінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да 28 мыңға жуық қызметкер еңбек етуде. Олар – өз ісіне шын берілген, нағыз жоғары білікті мамандар.
Басқарма төрағасы А.Жұмағалиев компанияның және отандық атом саласының дамуына қосқан үлесі үшін орталық аппараттың 17 үздік қызметкерін «Қазақстан Республикасы атом саласының еңбек сіңірген қызметкері» төс белгісімен және Алғыс хаттармен марапаттады.
Сондай-ақ, Қазақстан халықтарының тілдері күнін мерекелеу аясында қазақ тілін үйренуде үздік нәтижелерге қол жеткізген 24 қызметкерге арнайы дипломдар мен сертификаттар тапсырылды.
Салтанатты іс-шара соңында Асқар Жұмағалиев «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының III Спартакиадасында, сондай-ақ қайырымдылық марафонында 1-ші орынды жеңіп алған компания қызметкерлерін жеңістерімен құттықтады.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ