«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев атом саласы үшін білікті мамандар даярлайтын ресейлік жетекші жоғары оқу орны – Мәскеу инженерлік-физикалық институты (МИФИ) Ұлттық зерттеу ядролық университетін бітірген қазақстандық түлектермен кездесті. Барлық студенттер ұлттық атом компаниясының гранты есебінен салалық мамандықтар бойынша білім алған.

Асқар Жұмағалиев түлектерді университетті сәтті бітірулерімен құттықтады. Кездесу барысында Қазатомөнеркәсіп басшысы жас мамандармен бірге саланы дамыту мәселелерін талқылап, білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне және олардың болашақтағы жоспарларына қызығушылық танытты.

Асқар Жұмағалиев компанияның даму Стратегиясында кадрлық саясатқа үлкен мән берілгенін атап көрсетті. Қазатомөнеркәсіптің жоғары нәтижелерге қол жеткізуі үшін білікті мамандар қажет.

– Қазір Қазатомөнеркәсіпке керекті тағы бес дипломды маманның қатарымызға қосылғанына қуаныштымын. Сіздер алған білімдеріңізді іс жүзінде қолданып, атом саласының және тұтас еліміздің дамуына үлес қосасыздар деп сенемін. Сіздерге үлкен үміт артамыз, компанияның келешегі сіздердің бәсекеге қабілеттіліктеріңізге байланысты, - деді Асқар Жұмағалиев.

Қазатомөнеркәсіп басшысы айтқандай, компанияға кәсіби мамандарды тарту мақсатында кадрлар қоры құрылды. Сондай-ақ, жақын жылдары қызметкерлер арасындағы техникалық мамандар үлесі артпақ. Кездесу қорытындысы бойынша Асқар Жұмағалиев барлық түлектерді ұлттық атом компаниясы жүйесінде жұмысқа орналастыруды құрылымдық бөлімшелер басшыларына тапсырды.

Қазіргі кезде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қаржысы есебінен Қазақстан мен Ресейдегі колледждер мен университеттерде 318 студент оқып жатыр. Олардың 17-сі МИФИ ҒЗЯУ-де жоғары білім алады. Компания студенттердің шәкіртақысын, оқу ақысын, жатақханадағы орнын және сақтандырғыш полисін төлейді. 2015 жылы Қазатомөнеркәсіп гранты арқылы атом саласы бойынша жетекші университетте тағы 5 студент оқитын болады.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ