Астанада «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ трансформация бағдарламасын ресми іске қосуға арналған салтанатты іс-шара өтті.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ бизнес трансформациясы жөніндегі бас директоры Адамас Илькявичус қатысуымен болған жиында ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев жаңарудың басталғанын хабарлады.
«Қазатомөнеркәсіп» АҚ-да трансформацияның басталуы, сөз жоқ, Қор компаниялар тобын дамытудағы маңызды бір кезең. Біз «Қазатомөнеркәсіпте» үдерісті дер кезінде және дұрыс іске қосу үшін көп күш салдық. Сөйтіп, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ трансформация бағадарламасының ұзақ мерзімді мақсаттары мен бастамаларын анықтап алдық, оның бәрі Директорлар кеңесі бекіткен компанияның жаңа стратегиясында көрініс тапқан», - деді Ө. Шөкеев.
Нақты айтқанда, ол «Қазатомөнеркәсіптің» жаңа стратегиясында 2025 жылға қарай компанияның құнын 3 есеге ұлғайту сияқты дамудың шешуші мақсаттары белгіленгенін атап өтті.
«Мұндай алып мақсаттарға 1-2 жылда қол жеткізу мүмкін еместігі түсінікті. Трансформация - ұзақ мерзімді үдеріс, оның нәтижесін біз 2018 жылдан бастап көруді жоспарлап отырмыз», - деді Ө. Шөкеев.
«Қазатомөнеркәсіптің» трансформация бағдарламасын таныстырған Асқар Жұмағалиев оның басты міндеттері, көзделген өзгерістер, сондай-ақ іске асырудан күтілетін нәтижелер туралы әңгімелеп берді.
Ұлттық атом компаниясының басшысы мәлімдегендей, трансформация аясындағы алғашқы қадам «Қазатомөнеркәсіптің» даму стратегиясын жаңарту болды. Компания уран өндіру бойынша көшбасшылық шебін сақтап қалумен қатар, әлемдік нарықтағы жетекші табиғи уран жеткізіп берушіге айналуы, өндірісті ядролық отын циклының реакторға дейінгі барлық буынына әртараптандыруы керек. Атап айтқанда, жылу бөліп шығаратын құрамалар (ТВС) өндірісін қолға алу жоспарлануда.
А. Жұмағалиевтің айтуынша, өндірісті әртараптандыру әлемнің атом электр стансалары үшін дайын өнім сату арқылы компанияның қосымша табыс табуына мүмкіндіктер ашады.
Трансформация аясында маркетинг қызметін нығайтуға да жете мән берілмек. Аталмыш блокты күшейтумен қатар халықаралық ірі уран өндіруші компанияларға ұқсап «Қазатомөнеркәсіп» өнімдерін саудалайтын трейдинг компаниясын құру да жоспарлануда.
Ұлттық атом компаниясын трансформациялау, сондай-ақ өндірістік қызметтің тиімділігін арттыруды көздейді. Техникалық қайта жарақтанумен, тозған жадықтарды алмастырумен бірге қазіргі заманғы зерттемелер мен технологияларды енгізуге, энергия тиімділігін арттыруға жете мән берілмек.
Өндірістік үдерістерге бақылауды күшейту шеңберінде барлық өндіруші кәсіпорындарды Алматыдан Шымкентке көшіру жоспарланған. А. Жұмағалиев бүгінде 5 кәсіпорынның көшіп өтіп, тағы төртеуі көшті аяқтап қалғанын айтты. Жыл соңына дейін тағы бір еншілес кәсіпорын қоныс аударатын болады.
Сондай-ақ, өзгерістер жоспарында барлық күшті негізгі қызметке жұмылдыру мақсатында компанияның ұйымдық құрылымын өзгерту және бейінді емес активтерді шығару да қарастырылған. 2019 жылға дейін негізгі қызметке қатысы жоқ қызметтер көрсететін 27 бейінді емес кәсіпорын, атап айтқанда, түрлі химиялық өндіріс орындары мен сервистік компаниялар «Қазатомөнеркәсіп» құрамынан шығарылмақ. Сонымен бірге А. Жұмағалиев бейінді емес активтерді шығарудың өндіруші кәсіпорындарға қатысты еместігін де түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ, холдинг қызметінің тиімділігін арттыру және қаржы-өндірістік көрсеткіштерін жақсарту үшін трансформация аясында корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру, типтік үлгідегі ұйымдық құрылымдарды енгізу, бизнес үдерістерді оңтайландыру және автоматтандыру көзделген.
Асқар Жұмағалиев компанияда қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағдарламасы күшейтіліп, ПҚК көрсеткішінің орындалуына қарай еңбекке ақы төлеудің сараланған жүйесі енгізілетінін, қызметкерлердің жеке өсуі мен көшбасшылық сапасын дамыту үшін балық жағдай жасалатынын атап көрсетті.
Трансформация бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде «Қазатомөнеркәсіп» қызмет тиімділігін арттыру жөніндегі Президент тапсырмасын орындауды көздеп отыр. Компания уран өндіру бойынша көшбасшылық шебін сақтап, ЯОЦ сатыларына қатысуды және тиімділігі жоғары өндірісті ұйымдастырады, сондай-ақ маркетинг жүйесін құрып, кәсіби команда құрады. Атқарылған іс-шаралар нәтижесінде 2025 жылға қарай «Қазатомөнеркәсіптің» экономикалық қосымша құн көрсеткіші (EVA) +32 млрд теңгені құрайтын болады.
Қазатомөнеркәсіп