«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 28-29 сәуір күндері Алматыда өткен семинар-кеңесінде 2014 жылы холдинг кәсіпорындарында еңбекті, қоршаған ортаны қорғау, радиациялық, ядролық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жұмыстарға қорытынды жасалып, үстіміздегі жылға жаңа міндеттер белгіленді.

Семинар-кеңеске ұлттық атом компаниясының басшылары, Қазатомөнеркәсіпке қарасты кәсіпорындардың, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатынасты.

Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарында еңбекті қорғау, қоршаған ортаға кері ықпалды төмендету және экологиялық менеджмент жүйесін жетілдіру, сондай-ақ радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін жақсарту мәселелерін шешуге бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Атқарылған іс-шаралар нәтижесінде былтыр еңбекті қорғау, техника және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзу фактілері 2013 жылғымен салыстырғанда 28%-ға азайған.

Қазіргі уақытта компанияның 23 кәсіпорында ISO-14001 экологиялық менеджмент жүйесі, OHSAS 18001 денсаулық менеджменті және өндірістегі қауіпсіздік жүйесі енгізілген. Өткен жылы осы стандарттар бойынша «Қаратау» ЖШС, «Орталық» ӨК» ЖШС және «Қызылқұм» ЖШС сертификатталды.

2014 жылы Қазатомөнеркәсіп өндірістің қоршаған ортаға теріс ықпалын барынша азайтуға, соның ішінде ұйымдаспаған эмиссияларды төмендету, қолданыстағы шаң-газ тұтқыштар мен су тазалағыш қондырғылардың тиімділігін арттыруға бағытталған іс-шараларға 1,19 млрд-тан астам теңге бөлді.

Бүгінде кәсіпорындардағы еңбекті, қоршаған ортаны қорғау, радиациялық, ядролық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өндірістік бақылау жүргізетін қызметтердегі мамандар саны 472 адамды құрап отыр.

 

 

2014 жылы қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында кәсіпорындардың 240-тан астам қызметкері радиациялық қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі оқу курстарына қатысты. Кәсіпорындарда радиациялық қауіпсіздік пен бақылауды қамтамасыз етуге жауапты 13 қызметкер ҚР энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінде аттестациядан өтті.

Сондай-ақ, семинарда еңбекті, қоршаған ортаны қорғау, радиациялық, ядролық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес және бағынышты ұйымдары арасында жарияланған жыл сайынғы байқаудың қорытындысы да жарияланды. Бірінші орын «Степное КБ» ЖШС-не беріліп, екінші және үшінші орындарды тиісінше «РУ-6» ЖШС мен «Қаратау» ЖШС жеңіп алды. Жеңімпаз кәсіпорындар ақшалай сыйлық және Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Компанияның стратегиялық міндеттеріне сәйкес, өндірістік кәсіпорындарда еңбекті қорғау, экологиялық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстар үстіміздегі жылы да жалғасатын болады.
 

Қазатомөнеркәсіп