2014 жылғы 19 желтоқсан күні Астана қаласында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Қаппаров пен Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев 2015-2016 жылдарға арналған Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы аясындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Осынау қол жеткен келісім шеңберінде ұлттық атом компаниясы әлеуметтік-инфрақұрылымдық даму, өңір тұрғындарының әл-ауқаты деңгейі мен өмір сапасын жақсарту бойынша міндеттеме алды.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы, соның ішінде еншілес компаниялар қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғауға, қазіргілерін сақтай отырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған іс-шараларға қатысатын болады.

Сонымен қатар, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ компания балансындағы барлық әлеуметтік нысандарды оларды қаржыландыру үшін 2015-2016 жылдарға арналған 1,6 млрд теңге көлеміндегі қаржысымен қоса Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне береді. Атап айтқанда, әкімдікке 20 төсек-орындық станционарлық дәрігерлік-санитарлық бөлім, 280 балаға арналған балалар бақшасы, стадионы бар мәдени-спорттық орталығы, «Арман» мәдениет сарайы, монша-сауықтыру кешені, қонақ үй кешені және «Шиелі-Энергосервис» ЖШС тапсырылады.

Сондай-ақ, Меморандум аясында ұлттық атом компаниясы Қызылорда қаласындағы жалпы сомасы 1,6 млрд теңгелік 150 төсек-орындық перзентхана және бір мезгілде 50 сырқатты қабылдай алатын емхана құрылыстарын қаржыландырады.

2015 жылы компания тиімділігін арттыру мақсатында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Қызылорда облысы аумағында уран өндіретін еншілес кәсіпорындарының кеңселері Алматыдан Қызылорда қаласына көшіріледі. Компаниялар кеңселерінің өңірге көшуі дамуға қосымша серпін береді, сондай-ақ облыс тұрғындарына көп әлеуметтік қолдау жасайды.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ