Қазақстан Республикасының энергетика министрі, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Школьник және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның ұжымына ұлттық атом компаниясы басқармасының жаңа төрағасы, бұған дейін ҚР инвестициялар және даму вице-министрі қызметін атқарған Асқар Қуанышұлы Жұмағалиевты таныстырды. Оның кандидатурасы Директорлар кеңесінің кезектен тыс отырысында мақұлданып, Қазақстан Республикасының үкіметімен келісілген.

Владимир Школьник айтып өткендей, Асқар Жұмағалиев 2006-2010 жылдары Қор компаниялары тобындағы «Қазақтелеком» АҚ президенті болып, қажетті құзыретке ие жоғары білікті менеджер, кәсіби басшы және білімді маман ретінде өзін таныта білді. Мемлекеттік және халықаралық наградалармен, «Құрмет» ордені және Ю. Гагарин атындағы алтын медальмен марапатталған.

– «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Қазақстан ғана емес, әлем чемпионы. Компания уран өндірісі көлемінің 40% қамтамасыз етіп отыр, қаржылық көрсеткіштері де тәуір. Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің тапсырмасы, компанияның стратегиясы бар, олардың бәрін іске асыру қажет, - деді В. Школьник.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев Мемлекет басшысының үлкен сенімін ақтауға тырысып, алға қойылған міндеттерді орындау үшін барлық білімі мен тәжірибесін жұмылдыратынын айтты.

– Досымның орнына қызмет істеуге келгенімді сезінудің өзі ауыр. Нұрлан Жамбылұлы Қаппаровпен үкіметте бірге қызмет атқардық, бір бірімізге көмектестік. Топырағы торқа болсын. Біз Нұрлан Қаппаров бастап кеткен жұмысты жалғастыруымыз керек. Мемлекет басшысы қолдаған стратегияны орындауға тиіспіз. Бұл жол әрине, жеңіл болмайды, бірақ біз осы стратегияны іске асыруға міндеттіміз, - деді Асқар Жұмағалиев.
 

Қазатомөнеркәсіп