11 наурыз күні Астанада «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басшылығының еңбек ұжымы алдындағы жыл сайынғы есепті жиналысы өтіп, оған атом өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіподағы және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ жанындағы «Әлеуметтік серіктестік орталығы» корпоративтік қорының өкілдері де қатысты.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Қаппаров компанияның 2014 жылдағы жұмысының қорытындылары және 2015 жылдың міндеттері туралы әңгімелеп, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік мәселелеріне тоқталды.

– 2014 жылы Қазатомөнеркәсіпке қарасты кәсіпорындар 22,8 мың тонна уран өндірді, бұл жоспарлық көрсеткіштерге толықтай сәйкес келеді. Қазақстан бүкіләлемдік уран өндірісінің шамамен 40% қамтамасыз етіп, әлемдік уран өндірісі саласындағы көшбасшылық орнын сақтап қалды. 2015 жылы компания 23,4 мың тонна уран өндіруді жоспарлап отыр, - деді ұлттық атом компаниясының басшысы.

Қазатомөнеркәсіп өндірістік міндеттерін атқарумен қатар корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік ұстанымдарды да қолдайды. Кадрлық әлеуетті нығайту, уәждеудің тиімді жүйесін құру, қызметкерлерді дамыту үшін жағдай жасау, олардың кәсіби деңгейін арттыру және еңбек жағдайын жақсарту компания қызметінің басым бағыттары болып табылады.

– Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындары тобы бойынша орташа айлық еңбекақы 2014 жылы 5,8%-ға артты. Компания қаржысы есебінен мамандар даярлау аясында сала және өңір үшін бағдарлы мамандықтар мен кәсіптер бойынша 295 студент білім алуда. Олар оқуларын бітірген соң атом өнеркәсібі кәсіпорындарына жұмысқа орналасатын болады. 2014 жылы Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарының дерліктей 20 мың қызметкері қайта даярлау және біліктілікті арттыру бойынша оқытылды, - деді Н. Қаппаров.

Компания кәсіпорындарындағы қызметкерлер арасында әлеуметтік тұрақтылықты жақсарту, қолайлы психологиялық климатты орнатуға бағытталған жұмыстар да тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Нұрлан Қаппаров Қазатомөнеркәсіп басым бағыттарының бірі әлеуметтік саланы дамыту және әлеуметтік жобаларды іске асыру болып табылатын әлеуметтік жауапты компания ұстанымына ие екендігіне жиналғандар назарын аударды.

Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы уран өндірушілердің базалық кенттеріндегі тұрғындарға жайлы тұрмыс жағдайын жасау, мәдени деңгейін көтеру, кәсіпорын қызметкерлерінің бос уақытын ұтымды ұйымдастыру үшін әлеуметтік мақсаттағы нысандарды қаржыландыруға былтыр 2,5 млрд теңге бөлінді.

Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарында өндірістегі қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Өткен жылы еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуы 2013 жылғымен салыстырғанда 28%-ға кеміді.

2014 жылы Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарында атом саласының өндірістік нысандарындағы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары сәтті жалғасын тапты. Қазіргі кезде компанияға қарасты 23 еншілес және бағынышты кәсіпорын экологиялық менеджмент стандарттарының жүйесі бойынша сертификатқа ие. Өндірістің қоршаған ортаға кері ықпалын барынша төмендетіп, қолданыстағы шаң-газ ұстағыштарды және су тазалаушы қондырғылардың тиімділігін арттыруды көздеген іс-шараларға 1,19 млрд теңге жұмсалды.

Сондай-ақ, қашанда компанияның әлеуметтік жауапкершілік саласындағы маңызды бір бағыттарының бірі болып қала беретін қайырымдылық және демеушілік қызметіне 2014 жылы 200 млн төңірегінде қаржы бөлінді.

– 2015 жыл компаниямыз алдына жаңа міндеттерді қойды. Уран бағасы тұрақсыздау кезеңде өнім өндіру көлемін арттырумен бірге «Самұрық-Қазына» АҚ-ның «2015 жылға арналған дағдарысқа қарсы іс-шаралар» бағдарламасы аясында өнімнің өзіндік құнын төмендету мәселесін шешу, сирек жер металдар технологиясын меңгеру және қазақстандық фотоэлектрлі модульдердің бәсекелі өзіндік құнына қол жеткізу міндеттері тұр. Үстіміздегі жылы біз өзіміздің өндірістік-қаржы көрсеткіштерімізді жақсартуды жоспарлағанбыз, - деді компания басшысы.

Нұрлан Қаппаров сондай-ақ, Қазатомөнеркәсіптің тиімділік көрсеткіштерін жақсартып, құнын арттыруға бағытталған Трансформациялау бағдарламасы шеңберіндегі компанияның стратегиялық бастамаларын әзірлеу жайына да тоқталды. Ол Трансформациялау бағдарламасы компанияға бірқатар өзгерістер әкелетінін, алайда қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктері мен жұмыс орындары сақталатынын айрықша атап көрсетті.

Мұнан соң сөз алған «Әлеуметтік серіктестік орталығы» корпоративтік қорының сарапшысы, танымал журналист Артур Платонов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Трансформациялау бағдарламасын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңірек әңгімелеп берді.
 

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ