«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма Төрағасы Владимир Школьник Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев басшылығындағы ресми делегация құрамында Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІІІ Саммит жұмысына қатысты. Әлемнің 53 елін және 4 халықаралық ұйымды біріктірген іс-шара 24-25 күндері Гаагада (Нидерланды королдігі) болып өтті. Саммиттің басты міндеті жаһандық ядролық қауіпсіздіктің маңызды мәселелерін жоғары деңгейде талқылау болды. Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Саммит жұмысына қатысу аясында 24 наурыз күні Владимир Школьник «AREVA Mines» француз атом компаниясының аға атқарушы вице-президенті Оливье Вонсоммен кездесті. Іскерлік әңгіме барысында уран өндіру және оны қайта өңдеу саласындағы бірлескен жобалардың ағымдағы жайы, өндірістік үдерістерді техникалық жетілдіру және Қазақстандағы уран өндіруші нысандарда жаңартылатын қуат көздерін пайдалану мәселелері сөз болды. Сонымен қатар «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Саммитпен бір мезгілде 23-25 наурыз күндері Амстердамда (Нидерланды Королдігі) өткен Атом өнеркәсібінің ІІІ Саммитіне қатысты. Аталмыш Саммит барысында болашақ үшін атом энергетикасы мен ядролық технологияларды одан әрі дамыту мақсатындағы саланың қауіпсіздік қырлары талқыланды. Саммит қатысушылары өнеркәсіпте, медицинада, ауыл шаруашылығында, ғылыми-зерттеу қызметінде және басқа да салаларда қолданылынатын радиоактивті көздер сияқты ядролық индустрия да қазіргі заманғы адамзат қоғамының дамуына елеулі үлес қосып келеді деген ұйғарым жасады. Атом өнеркәсібі Саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған бірлескен мәлімдемеде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді шараларын іске асыруда, жоғары байытылған уранды пайдалану көлемін азайтуда және жоғары радиоактивті көздерді бақылауды күшейтуде өздерінің жеке жауапкершіліктерін сезінетіндіктерін атап көрсетті. Келесі Ядролық өнеркәсіп Саммиті 2016 жылы АҚШ-та өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі кезекті Саммитпен бірге болады.

 

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы