ҚР Президенті ұсынған «100 нақты қадамның» елді дамыту үшін маңызы өте зор. Бұл біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда Ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары. Күн өткен сайын біз алға қойылған барлық міндеттердің нақты жүзеге асырылып жатқанын көріп жүрміз. ҚР Ұлттық ядролық орталығы біздің мемлекетіміздің экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін өз үлесін қосып келеді, деп атап көрсетті ҚР ҰЯО РМК бас директоры, физика-математика ғылымдарының докторы Эрлан Ғаділетұлы Батырбеков «Қазақпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында.
«Біз Қазақстан Республикасының жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы саясатын іске асыруды ғылыми-технологиялық қамтамасыз ету бойынша өз миссиямызды ойдағыдай атқарып келеміз.
Биыл ҚР Президентінің Семей сынақ полигонын жабу туралы Жарлығына қол қойылғанына 25 жыл толады, ҚР Ұлттық ядролық орталығының құрылу тарихы да дәл осы айтулы оқиғамен байланысты. Осы жылдар аралығында ядролық сынақтар жүргізу инфрақұрылымын жою бойынша күрделі проблемалар кешені шешілді, ядролық қаруды сынау салдарын жою жұмыстары аяқталды, республикада атом энергетикасын дамыту үшін ғылыми-техникалық, технологиялық және кадрлық база құрылды. Бүгінгі таңда біздер жалпы ауданы 7860 кв.км болатын Семей сынақ полигонының 40 %-дан астам аумағынында кешенді радиоэкологиялық тексеру жүргіздік.
Қазіргі уақытта кәсіпорында атом энергетикасы, радиоэкология, ядролық және радиациялық физика, радиациялық материалтану саласында зерттеулер жүргізуде мол тәжірибесі бар жоғары білікті мамандар еңбек етеді.
Қызмет еткен жылдар ішінде халықаралық ғылыми-техникалық байланыстарды нығайтып, кеңейттік. Ресей, АҚШ, Жапония, Франция, Бельгия және т.б. елдер біздің тұрақты әріптестерімізге айналды. Халықаралық байланысты кеңейте отырып, біз кәсіпорынды дамытуға инвестициялар тартамыз, бұл – еліміздің экономикалық өсуіне айтарлықтай қосылған үлес болып табылады.
Тек соңғы жылдардың өзінде кәсіпорынның материалтану кешенін әлемдік заманауи стандарттар мен талаптарға сай жабдықтармен жарақтандыру мәселесі көптеп шешілді, радиоэкологиялық зерттеулер жүргізуге арналған жаңа жабдықтар сатып алынды.
Өткен жылдың соңында бірегей жаңа зертхана корпусы пайдалануға берілді, бұл жерде біз бақыланатын зертхана жағдайында радионуклидтердің өсімдіктерге өту процестерін зерттеу бойынша жұмыстардың үлкен кешенін жүргізуге кірістік.
Ең алдымен біздің бүкіл жұмысымыз Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды орындауға бағытталады. Ғылыми қызметте жетістіктерге қол жеткізу арқылы біз мемлекетіміздің әлемдік ғылыми аренадағы беделін нығайтамыз.
Мен өміріміздің барлық саласын қамтитын 100 қадамның ойдағыдай орындалатынына сенімдімін. Ұлттық жоспардың тармақтарын орындау мақсатында қазіргі кезде жаңа нормативтік актілерді қарау және қабылдау, соның ішінде ғылыми қызметті коммерцияландыру бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл біздің ғылыми жетістіктеріміз бен оларды өндіріске енгізу арасындағы аралықты айтарлықтай азайтпақ. Мемлекеттік қолдау, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудың нақты тетіктері біздің мемлекетіміздің елеулі экономикалық өсуіне ықпал ететін болады», - дейді ҚР ҰЯО РМК бас директоры.
ҚАЗАҚПАРАТ