2018 жылғы 23 ақпанда онлайн трансляция режимінде ҚР Энергетика министрлігі алқасының кеңейтілген отырысы өтті. Алқа отырысы барысында 2017 жылғы жұмыс қорытындылары шығарылып, 2018 жылға басым міндеттер айқындалды.

Алқа отырысына ҚР Парламенті депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес сектордың, сондай-ақ отын-энергетикалық және экологиялық салалардағы ұйымдардың өкілдері қатысты.

ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев баяндамасында 2017 жылдағы энергетикалық сектор және қоршаған ортаны қорғау салалары дамуының негізгі қорытындылары, Мемлекет басшысы тапсырмаларын орындау туралы сөз қозғап, сондай-ақ Президент Жолдауы аясында 2018 жылға Министрліктің алдына қойылған міндеттерге тоқталды.

2017 жылдың қорытындылары бойынша қойылған мақсаттар мен міндеттерге жетудегі Министрліктің, ведомстволық бағынысты кәсіпорындардың және отын-энергетикалық сектор мен экологиялық салалардағы ұйымдардың бірлескен жұмысы атап көрсетілді.

2017 жыл көрсеткіштер бойынша еліміздің отын-энергетикалық секторының салалары үшін рекордтық болды.

Өткен жылдың негізгі маңызды оқиғалары атап өтілді:

- ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілді;

- екі мұнай өңдеу зауытының (Павлодар және Атырау) реконструкциялау және жаңғырту жобалары аяқталды;

- Каспий құбыр консорциумы құбыр жүйесінің қуатын 52 млн. тонна мұнайға дейін кеңейту жобасы аяқталды;

- Мемлекет басшысы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске қол қойды;

- полипропилен өндіру бойынша газ-химиялық кешеннің құрылысы басталды.

Президенттің жолдауына сәйкес энергетикалық сектор өсуінің белгіленген қарқынын қамтамасыз ету Министрлік үшін бірінші кезектегі міндет болып табылады.

Жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру үшін Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс басты құрал болып табылады, оның нормалары 2018 жылдың шілдесінен бастап күшіне енеді.

Сондай-ақ жер қойнауын пайдалану саласындағы салық саясаты жетілдірілді, Салық кодексі 2018 жылдың қаңтар айынан бастап күшіне енді.

Газ саласында баға белгілеу тетігін және сұйытылған мұнай газын бөлуді жақсарту үшін электронды сауда-саттық алаңын енгізу жоспарлануда. Оның нәтижесінде көтерме саудада өткізудің шекті бағасы кезең-кезеңмен мемлекеттік реттеуден шығарылады. Қажетті заңнамалық нормалар 2018 жылдың желтоқсан айына дейін пысықталатын болады.

Сондай-ақ Қанат Бозымбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Мемлекет басшысының Жолдауы аясында Министрлік жұмысының басым бағыттарын белгіледі.

Министр халықаралық стандарттарға сәйкес Экологиялық кодекстің жаңа, жетілдірілген жобасы туралы айтты. Бұл экологиялық заңнаманы ЭЫДҰ-ның (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) нормаларына сәйкес келтіруге және жасыл технологияларды енгізу үшін табиғат пайдаланушыларды ынтыландыруға мүмкіндік береді.

«Жасыл» энергия нарығында да сапалы өзгерістер жоспарланған. Жаңартылатын энергетика нарығы жыл сайын өсуде. 2017 жылы 1,1 млрд.кВТ-сағ. өндірілді, бұл 2016 жылдағы деңгейден 22% артық. 2018 жылдың жоспары – 1,7 млрд. кВт*сағ. (2017 жылға 154,5 %)

2018 жылы жалпы қуаты 123 Мвт ЖЭК-тің 10 объектісін енгізу жоспарлануда (2017 жылы 5 объект енгізілді).

2018 жылдың бірінші жартыжылдығында алғаш рет жалпы қуаты 1 ГВт ЖЭК жобалары үшін халықаралық аукциондық сауда-саттық өткізіледі.

Аукцион ойдағыдай өткен кезде екі маңызды міндет шешіледі: (1) ЖЭК құнын және еліміздің экономикасына әсерінің дәрежесін төмендету; (2) ЖЭК саласында озық технологияларды тарту.

Сондай-ақ алқа отырысында:

- Қазақстандағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы және жасыл технологияларды дамытудағы БҰҰ Даму бағдарламасы қызметінің нәтижелері туралы БҰҰДБ-ның ҚР-дағы Тұрақты Өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангере;

- ЖЖМ өндіру және МӨЗ жаңғырту туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өңдеу департаментінің директоры Мұрат Досмұратов;


- Қашаған кен орны жұмыстарының қорытындылары туралы Норт Каспиан Оперейтинг Компани басқарушы директоры Жардэн Бруно мырза;

- Компания жұмысының қорытындылары туралы «ҚазАтомПром» ҰАК» АҚ-ның ЯОЦ және атом энергетикасы бойынша бас директоры Бауыржан Ибраев;

- ұлттық компаниядағы цифрландыру туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның тасымалдау, қайта өңдеу және маркетинг бойынша Атқарушы вице-президенті Дмитрий Салов айтып берді.

Алқа отырысында сондай-ақ ҚР Энергетика министрлігі, Көмір саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы және Қазақстан көмір саласы ұйымдарының жұмыс берушілерінің арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған Келісімге қол қою рәсімі өтті.

 

 

ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі