Алматыда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және оның еншілес кәсіпорны «Жоғары технологиялар институты» ЖШС ұйымдастыруымен «Энергия, су және химия» III Халықаралық инновациялық мектебі мен Дөңгелек үстелі болып өтті.
Іс-шараға Қазақстан, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония және бірқатар Еуропалық елдердің индустриялық, инжинирингтік компанияларының, университеттер мен ғылыми орталықтарының өкілдері қатысты.
-Бүгінде инновация туралы көп айтылып жүр. Қазатомөнеркәсіп жаңа жобаларды талқылап, оны жетілдіретін дәрежеге жеткен еліміздін азын-аулақ компанияларының бірі. Инновациялық мектеп өткізу идеясының өзі салалық кәсіпорындар арасында дамыту, оқыту, тәжірибе алмасу сияқты маңызды мәселелерді тек өзара шешіп қана қоймай, оны талқылауға әлемдік ауқымдағы білікті мамандарды тартудан туындаған, - деп атап өтті басқарушы директор Юрий Перменев өзінің басшылық атынан сөйлеген сөзінде.
Ұлттық атом компаниясындағы жаңа технологияларды дамыту мәселесі туралы сөз бастаған «Жоғары технологиялар институты» ЖШС директоры, академик Серік Қожахметов «инновация мен ғылым – бәсекеге қабілеттіліктің факторы. Расында да бұл еліміз және компаниямыз үшін табыс табудың кепілі әрі нарықтағы позициямызды бекітуге мүмкіндік береді. Біз бүгінде атом энергетикасы, химиялық технология, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы алдыңғы қатарлы ғалымлардың идеяларын өндірістегі тәжірибелермен ұштастыруға әрекет етудеміз» - деді.
Инновациялық мектеп аясында Қазатомөнеркәсіптің ірі инновациялық жобасы – «СМАРТ-кеніш» – жаңа буындағы уран кенішін жасау мәселелері кеңінен талқыланды.
«Жоғары технологиялар институты» ЖШС директоры Серік Қожахметовтың айтуынша, жобаны іске асыру пайдалану және күрделі қаржы шығынын қысқарту есебінен өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді.
Екі күнге созылған Инновациялық мектептің жұмысы барысында халықаралық санаттағы мамандар геология және радиациялық қорғаныста қолданылынатын жаңа өлшеу аспаптары, уран өнеркәсібінің өндірісін әдістемелік, метрологиялық және сертификаттық қамтамасыз ету, сирек жер металдар өндіру, өңдеу және қолдану, қуат және ресурс үнемдеу, шағын және ірі жаңартылмалы энергетика мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, мұнда суды тазалаудағы ииновацииялық технологиялар, шағын қуаттағы инновациялық АЭС-тер құру саласындағы баяндамалар да оқылды.
Oilnews.kz