Қазақстан-жапон ынтымақтастығының атом энергетикасы саласындағы тарихы екі он жылдықтан асады. Осы жылдар ішінде бірлескен бағдарламалар бойынша атомдық-энергетикалық реактор қондырғыларының қауіпсіздігі саласында, жоғары температуралы газбен салқындатылатын реакторлар технологияларын дамыту саласында және басқа да күрделі эксперименттік зерттеулер орындалды.

Ынтымақтастық нәтижесінде атом энергетикасының қауіпсіздігі саласындағы ғылыми зерттеулер базасы жетілдіріліп, жаңа эксперименттік қондырғылар мен құрылғылар әзірленді, күрделі ізденістер жүргізу тәжірибесі бар білікті ғылыми және техникалық кадрлар артты.

Атом саласы мен ғылымдағы кадрлық әлеуетті сақтау және дамыту мәселелеріне айрықша көңіл бөлінеді. Әртүрлі бағдарламалар аясында тағылымдамалар мен курстар ұйымдастырылып, семинарлар өткізіледі.

Кадрлық әлеуетті даярлау саласындағы мысалдардың бірі ретінде 2016 жылғы 5-8 қыркүйек аралығында ҚР Ұлттық ядролық орталығы негізінде курс өткізілгендігін айтуға болады. «Реакторлық технологиялар» (Reactor Engineering) атты оқу курсы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы және Жапонияның Атом энергиясы агенттігі (JAEA) арасындағы атом энергиясын бейбіт пайдалану саласындағы персоналды даярлау жөніндегі келісім шеңберінде ұйымдастырылды.

Аталған курс атом энергетикасын құруды жоспарлайтын Азия елдеріне арналған нұсқаушы-оқытушыларды даярлау бағдарламасының бір буыны болып табылады. Бағдарлама Жапония үкіметінің қолдауымен жүзеге асырылады және «Реакторлық технологиялар», «Радиациялық мониторинг», «Радиациялық аварияларға ден қою» бағыттарын қамтиды.

Бағдарламаның жалпы ойы келесіден тұрады: бірінші кезеңде Азия елдерінің мамандары Жапонияның Атом энергиясы агенттігіне 2 айға жуық уақытқа созылатын оқуға шақырылады. Оқу аяқталғаннан кейін оның қатысушылары игерілген бағдарлама тақырыбы бойынша өздігінен сабақтар өткізуге қабілетті нұсқаушы дәрежесіне ие болады.

Бағдарламаның екінші кезеңінде нұсқаушылар жапондық мамандардың қолдауымен өз елдерінде оқу курстарын өткізеді, бұл қатысушылардың айтарлықтай санын оқытуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге елдің ішкі қажеттілігін есепке ала отырып, сабақтардың тақырыбын кеңейтуге мүмкіндік беріледі. Бұл жолы «Реакторлық технологиялар» курсының «Реакторлар физикасы», «Реакторлық материалдар», «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу» және т.б. міндетті пәндерге толықтыру ретінде курс бағдарламасына дәрістер, практикалық сабақтар және ҚР ҰЯО зерттеу реакторлары мен материалтану зертханаларына экскурсиялар енгізілді

«Реакторлық технологиялар» курсы Ұлттық ядролық орталық негізінде екінші рет өткізіліп отыр (бірінші курс 2015 жылы өткізілді). Оқытуға жас мамандар қатарынан тоғыз қызметкер, курсты үйлестірушілер мен оқытушылар ретінде онға жуық адам тартылды. Үйлестірушілер мен оқытушылар қатарындағы мамандардың бір бөлігі бұрынырақ Жапонияның Атом энергиясы агенттігінде оқытудан өткен болатын. 

Ұлттық Ядролық Орталық