Бас директордың орынбасары – инвестицияларды басқару блогының директоры Вячеслав Перушков бастаған «Росатом» мемлекеттік корпорациясының делегациясы ҚР Ұлттық ядролық орталығына жұмыс сапарымен келді.

Сапар барысында ресейлік делегация ҚР ҰЯО-ның бірқатар объектілерін: зертхана корпустарын, КТМ токамагын, EAGLE-1 стендін, ССП мұражайын аралап, кездесу өткізді. Кездесуде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық перспективалары қаралып, шетелдік серіктестермен жұмыс тәжірибесі талқыланды.

Жұмыс кездесуін ҚР ҰЯО бас директоры Эрлан Батырбеков ашты, ол Ұлттық ядролық орталықтың атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметі туралы ақпаратпен таныстырды.

Ресейлік делегация шапшаң нейтрондардағы көп мақсатты реакторы бар ядролық зерттеу қондырғысын (МБИР) салу жобасын ұсынды. Аталған жоба «2010-2015 жылдарға және 2020 жылға дейінгі перспективаға арналған жаңа буынды ядролық энерготехнологиялар» Ресей Федералдық нысаналы бағдарламасы шеңберінде орындалуда. Реакторды 2020 жылы іске қосу көзделген.

МБИР-дің бірегей техникалық сипаттамасы бәсекеге қабілетті әрі қауіпсіз жаңа ядролық энергетикалық қондырғылар, соның ішінде ядролық отын циклін тұйықтауға арналған шапшаң нейтрондардағы реакторлар жасауды негіздеудегі зерттеу міндеттерінің кең ауқымын шешуге мүмкіндік береді.

МБИР негізінде Халықаралық зерттеу орталығы (бұдан әрі – Орталық) құрылмақ.

Сондай-ақ кездесу барысында Орталықтың форматы, зерттеулерге арналған инфрақұрылымды құруға шетелдік серіктестердің қатысу ықтималдығы, ғылыми бағдарламаларды іске асыру кезіндегі жеңілдік жағдайлары талқыланды.

Кездесуді қорытындылай келе, «Росатом» мемлекеттік корпорациясы мен ҚР ҰЯО РМК арасындағы алдағы ынтымақтастық бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, ресйлік әріптестер тарапынан жоғары бағаға ие болған ҚР ҰЯО-ның бірегей тәжірибесі мен әдістерін қолдану арқылы радиоэкология саласындағы бірлескен жұмыстардың бағдарламасын әзірлеу жоспарланды. Сонымен қатар атом энергетикасы, атом саласы үшін кадрлар даярлау саласында бірлескен зерттеулер жүргізу және т.б. мәселелер пысықталатын болады.
 

ҚР ҰЯО РМК