2018 жылғы 11 маусым күні Оттава қаласында (Канада) екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін Кеңес жүргізіп жатқан жұмыстар аясында Қазақстан-Канада іскерлік кеңесінің III отырысы өтті. Шараға «Cameco» корпорациясының бас атқарушы директоры Тим Гитцель мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов теңтөрағалық етті.
Іскерлік кеңестің ІІІ отырысы барысында болған жұмыс топтарының кездесулерінде атом энергетикасы мен гидрогеология, ауыл шаруашылығы мен агро азық-түлік, көлік және аэроғарыш өнеркәсібі, тау-кен өнеркәсібі мен мұнай-газ саласы сияқты мәселелер талқыланды.
Іскерлік кеңес алаңында Ғарыш өнеркәсібіндегі ынтымақтастық туралы Канаданың ғарыш агенттігі мен ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арасындағы меморандумға қол қойылды.
Отырысқа Қазақстан мен Канаданың мемлекеттік органдарының, дипломатиялық миссия және бизнес өкілдері қатысты. Іскерлік кеңес өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытудың, инвестиция тартудың және экономиканың түрлі салаларындағы бірлескен жобаларды іске асырудың өзекті мәселелері талқыланатын маңызды диалогтық алаңға айналды.
Сонымен бірге, екі ел үкіметтерінің өкілдері Қазақстан мен Канада арасындағы тауар айналымында оң қарқын бар екенін, сондай-ақ Қазақстанға инвестиция салу көлемі жөнінен топ-15 елдің қатарына енетін Канаданың үлесін атап көрсетті.
Отырысты қорытындылай келе тараптар екі ел арасындағы іскерлік байланысты нығайту мен екіжақты ынтымақтастықты ұлғайту бойынша жұмыстарды жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ