Қазақстанның ұлттық атом компаниясының басшысы жұмыс сапарымен Моңғолияда болды.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралы (Парламент) Төрағасы М. Энхболд, Тау-кен өнеркәсібі министрі Т. Дашдордж, Атом энергиясы жөніндегі комиссияның бас хатшысы Г. Манлайджав және «МОН-АТОМ» мемлекеттік компаниясының атқарушы директоры Д. Далаиджаргалмен кездесті.

Тараптар екі елдің атом саласындағы ынтымақтастығын дамытудың болашағын талқылады.

«Қазіргі кезде Қазақстан уран қоры жөнінен әлемде екінші орында. Әлемдік өндірістің 21 пайызына ие «Қазатомөнеркәсіп» - табиғи уранға болған сұраныстың шамамен 20 пайызын қамтамасыз ететін әлемдік нарықтағы жетекші табиғи уран жеткізіп беруші компания. Енді біз бизнесімізді реакторға дейінгі ядролық отын циклының барлық буынына әртараптандыруды жоспарлап отырмыз», - деді Асқар Жұмағалиев.

Кездесулер барысында тараптар геологиялық барлау, уран өндіру және оны өңдеу сияқты атом өнеркәсібінің ынтымақтастық үшін өзара қызығушылық тудырып отырған бірқатар бағыттарын атады.

Тараптар сондай-ақ, серіктестік қарым-қатынастарды дамытуға және атом саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға ниеттестіктерін жеткізді.
 

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ