ҚР Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов Жапония Сыртқы істер министрінің орынбасары Синсукэ Сугиямамен кездесіп, болашақта екі ел арасындағы визалық режимді жеңілдету мәселелерін қарастырды, деп хабарлайды BNews.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. «Кездесуде түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері және халықаралық күн тәртібі, әсіресе өңірдегі ахуал мен Украинадағы саяси дағдарыс талқыға салынды. Жоғары деңгейдегі кездесулер кең ауқымды мәселелер бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың негізгі факторы болып табылатыны атап өтілді. Оған 2013 жылғы 6 қыркүйекте Санкт-Петербург қаласында G-20 саммиті шеңберінде өткен Қазақстан және Жапония көшбасшыларының кездесуі дәлел»,-делінген хабарламада. Сонымен қатар, сұхбаттасушылар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың болашағын талқылады. Екіжақты сауда айналымының көлемі 2013 жылы 1,7 млрд долларға жеткені атап өтілді. Атомды бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Жапония жетістігін назарға ала отырып, Е.Ыдырысов қазақстандық-жапониялық ынтымақтастықтың болашағы бар бағыттарының бірі атом өнеркәсібінің кооперациясы болып табылатынын жеткізді.
 

BNews.kz