Мәжілісті Қазақстанның ядролық қоғамы төрағасы – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма Төрағасы Владимир Школьник кіріссөзбен ашты. Ол қатысушыларды құттықтай келе дүние жүзінде атом саласының маңызы артып келе жатқанын атап көрсетті. Төрағаның айтуынша, өткен жылы әлемнің көптеген елдері ядролық энергетикаға қатысты өз бағыттарын белгілеп алды. Атап айтқанда, ҚЯҚ басшысы Оңтүстік-Шығыс Азия елдері мен Қытайды мысалға келтірді.
Қазақстанда да бұл бағытта қарқынды жұмыстар жалғасуда. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев саланың алдына маңызды міндеттер қойды. Нақты айтқанда, 2013 жылы ел Үкіметіне атом стансасы салынатын алаңды анықтау тапсырылды. Алда өте жауапты жұмыстар күтіп тұр», - деді Владимир Школьник.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК Басқарма Төрағасы компанияның 2012 жылдағы атқарған жұмысына да тоқталды. «Бүкіл дүние жүзі балама қуат көздеріне көптеп көңіл бөлуде. Бұл біздің елімізге де қатысты. Былтыр біз күн панельдері өндірісінің кремний өндіруден бастап дайын фототүрлендіргіштер өндірісіне дейінгі толық циклының негізін қаладық», - деді Владимир Школьник.
«Елбасы көтерген тағы бір тақырып – күн және жел негізіндегі локальды қуат жүйесін жасау болса, оны да біз іске асыруға кіріскенбіз. Бұл жүйелер ауыл шаруашылығы проблемаларының қазіргі заманғы шешімі болып, еліміздің щалғай өңірлерін экологиялық таза және үздіксіз энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұндай микс-стансаларды пайдалану ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнын едәуір төмендетеді, демек оны барынша бәсекеге қабілетті етеді», - деп Владимир Школьник алдағы жоспарларымен де бөлісті.
Мәжілісті одан әрі ҚЯҚ атқарушы директоры Наталья Жданова жалғастырып, ҚЯҚ 2012 жылдағы қызметі туралы баяндама жасады. Баяндамашы Үлбі металлургиялық зауытының жастары белсенді қатысушысы болып табылатын Ядролық қоғамның жастар қанатының жұмысы жайлы әңгімеледі. Сондай-ақ Н.Жданова сала мамандарына арналған іс-шаралар туралы ақпараттармен таныстырды. Содан мәлім болғанындай, 2012 жылы екінші рет өткізілген «Энергия, су және химия» халықаралық инновациялық мектеп және дөңгелек үстелі қатысушылардың жақсы лебіздеріне ие болды.
ҚЯҚ және Қазатомөнеркәсіптің кәсіпорындары бірге жүргізген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да арнайы назар аударарлық. 2012 жылы «Байкен-U» кенішіне жақын маңда тұратын мектеп оқушылары үшін парнайы лекциялар ұйымдастырылды. Оқу сабақтары барысында оқушыларға радиация құпиялары туралы ғана айтылмай, сонымен қатар қызығушылар үшін кәсіптік бағдар беру жұмыстары да қоса жүргізілді. Сондай-ақ Алматыда балалардың жазғы демалысын ұйымдастырды. Осы жұмыстардың нәтижесінде ауыл мектебінің бес түлегі түрлі техникалық мамандықтар бойынша ЖОО түсті. Оқу бітірген соң олар осы кеніште еңбек ететін болады.
Астанадағы Оқушылар сарайын жабдықтау жобасы да жалғасын табуда. «Уран және ЯОЦ» көрмесінің оқу-әдістемелік материалдарын әзірлеу бойынша ашық ақпараттық-таныстырылымдық платформа жасауға дайындық жүруде. Болашақта мұндай платформа «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК қызметінің басқа да бағыттары бойынша жасалатын болады. Аталмыш экспозиция атом энергетикасы мәселелері бойынша БАҚ және жұртшылықпен ашық әңгіме орталығын қалыптастырудың бір бөлшегіне айналмақ. Осынау бірегей экспозицияны әзірлеуге ғылым және білім беру саласындағы халықаралық орталықтар (WNA, CEIS, SC-CEN, BRGM және т.б.), сондай-ақ Қазатомөнеркәсіптің серіктестері қатысуда.
Өткен жылы ҚЯҚ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-мен бірге жұмыстың жаңа форматын жалғастырды – уран кеніштеріне жақын маңдағы ауылдарда көшпелі лекциялар ұйымдастырды. Мұндай кездесулер Заречное және РУ-6 кеніштеріне жақын елді мекендерде өтті. Бұрнағы жылдардағы сияқты Қарағанды университетінің мамандары былтыр да су, топырақ, ауа сынамаларын алып, соңынан талдау нәтижелерімен жұртшылықты таныстырды.
Сынамаларды алу үдерісі жергілікті тұрғындардың сенімді өкілдері қатысуымен алынды. Көп жағдайда сынамалар сол сенімді өкілдер көрсеткен жерлерден; әкімдік, мектеп, су арнасы маңынан, аулалардан тіпті, үй ішінен де алынды.
Соңынан Қарағанды университетінің профессоры Рымхан Зейноллаұлы Қасенов тұрғындармен кездесіп, өлшемдер құрамы рұқсат етілген шектен аспайтынын, ал радиациялық фон қалыпты нормада екенін, осы өңірдің табиғи фонына сәйкес келетінін көрсеткен талдау қорытындысы жайлы әңгімелеп берді.
Мұнан басқа экологиялық ұйымдар өкілдері үшін 2012 жылғы қараша айында «РУ-6» ЖШС базасында «Уран кеніштерінің қауіпсіз қызметі туралы» экологиялық тур ұйымдастырылды. «Тау-кен компаниясы» ЖШС Бас инженері Болат Рамазанов уран өндіруші өңірлердегі тұрғындармен жұмыс жүргізу тақырыбын жалғастыра келе Қызылорда облысында жоғары сынып оқушыларына арнап өткізілген ашық сабақтар тәжіриесімен бөлісті. Бұл сабақтар кәсіпорын қызметкерлері мен оқушылар арасындағы байланысты орнатуға көмектесті. Алдағы уақытта компания мұндай іс-шараларды тұрақты өткізіп тұруға ниетті.
Конференнция соңында ҚЯҚ мүшелері 2013 жылдың жұмыс жоспарына орай өз ұсыныстарын енгізді. Олардың арасында көшпелі экологиялық іс-шаралар, сала кәсіпорындары қызметкерлері үшін семинарлар, сондай-ақ оқушыларға арналған бірлескен ақпараттық-оқыту бағдарламаларын әзірлеу сияқты ұсыныстар болды.
Kazatomprom.kz