Қазақстанда атом электр стансасын салуға лайықты орындар ретінде Шығыс Қазақстан облысы мен Балқаш қарастырылуда. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық бақылау мен қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тимур Жантикин мәлім етті.«Қазіргі кезде АЭС-тің құрылысы бойынша екі жер қарастырылып отыр, яғни бұл тұрғыда Шығыс Қазақстан, сондай-ақ Балқаш ЖЭС алаңында орналастыру ескерілген. Бұл бұрынғы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік өңірлік электр стансасының алаңы. Қазіргі кезде ол жерде ЖЭС салынып жатыр»,-деді Т. Жантикин.Бастапқыда сараптамалық топ АЭС-ті орналастырудың бірнеше нұсқасын қарастырып, осыдан кейін үкіметтік комиссияда стансаның құрылысына 3 алаң іріктелді. Атап айтқанда, Ақтау, Балқаш және Шығыс Қазақстан өңіріне екпін қойылды.«Қазіргі кезде Ақтау бұл тізімнен шығарылды, енді екі алаң қалды. Бүгінде нақты шешім қабылданған жоқ»,-деп түйді ол.
ҚазАқпарат