«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы мен Қытайдың Бас ядролық-энергетикалық корпорациясы (CGNPC) атом саласындағы бірлескен инновациялық жобаны жүзеге асыруға кірісті. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысуымен өткен телекөпір барысында мәлім болды.

Жылу бөлгіш құрамалар (ЖБҚ) өндіретін зауыт құрылысы – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның АЭС-ке арналған отын дайындаудың толық циклына ие сатылас-интеграцияланған компания құруға бағытталған стратегиясы аясында іске асырылатын серпінді жобалардың бірі.

Зауыт құрылтайшылары «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес кәсіпорны) (51%) мен CGN-URC компаниясы (CGNPC еншілес кәсіпорны) (49%) болып табылатын «Үлбі-ЖБҚ» бірлескен кәсіпорны арқылы басқарылады.

ЖБҚ өндірісі үшін технологияны бұл сараланымда көшбасшы саналатын француздық «AREVA» компаниясы ұсынады. AREVA NP және «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС арасындағы тиісті келісімшартқа қол қойылған. Келісім отын өндірісі жөніндегі лицензияны, инженерлік құжаттамаларды, негізгі өндірістік жабдықтарды жеткізіп беруді, қызметкерлерді оқытуды және т.б. қамтиды.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев атап көрсеткендей, «ЖБҚ өндіретін зауыт құрылысы – Қазақстан, Қытай және Францияның көп жылдық ынтымақтастығының нәтижесі, сондай-ақ Қазатомөнеркәсіптің өндірісті әртараптандыру аясындағы стратегиялық қадамдарының бірі. Біз өндіру нарығындағы жетекші орнымызды сақтай отырып, атом станцияларына арналған отын нарығына қазақстандық өнімді ұсынуға ниеттіміз, бұл жаһандық атом нарығындағы шебімізді нығайтуға мүмкіндік береді».

«CGNPC» бас директоры Чжан Шанминь мәлімдегендей, «CGNPC компаниясы Қазатомөнеркәсіппен уран өндіру, табиғи уран саудасы және таблеткаларды шығару саласында 2006 жылдан бастап ынтымақтастық орнатқан. Бірлескен отын жобасын іске асыру компаниялардың серіктестігін тарихи жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Бұл жоба «Бір белдеу, бір жол» және «Нұрлы жол» бағдарламалары аясындағы ынтымақтастықтың сәтті үлгілерінің бірі».

AREVA Бас Атқарушы директоры Филипп Кноро: «AREVA болашақ ЖБҚ шығаратын зауыт үшін толық технологияны жеткізіп беруші ретінде таңдалғанын зор мақтаныш көреді. Бұл келісімшарт AREVA, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және CGNPC арасындағы берік байланыстарды нығайта түседі. Біздің командамыз жобаны сәтті жүзеге асыруға күш біріктіріп, қажетті жабдықтарды өндіруге кірісті».

Айта кетерлік жәйт, жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Үлбі металлургиялық зауыты базасында атом станцияларында ядролық отын ретінде пайдалану үшін жылына 200 тонна жылу бөлгіш құрамалар шығаратын қуатқа ие заманауи, толық автоматтандырылған өндіріс орны құрылады. Кәсіпорын өз өнімін өткізудің 20 жылдық кепілдендірілген нарығына ие.

49 миллиардтай теңгені құрайтын инвестициялық соманың тең жартысын қытайлық тарап ұсынады. Аталмыш жоба аясында Қазақстанда қосымша 129 жұмыс орны ашылатын болады.

ЖБҚ өндірісін іске қосу 2020 жылға жоспарланған.
 

Қазатомөнеркәсіп