2015 жылдың 16-17 маусымы күндері ЕҚЫҰ жұмысына бастау берген, яғни бұдан 40 жыл бұрын Хельсинкілік қорытынды актісіне қол қойылған Хельсинкидің «Финляндия Холл» атты тарихи конгресс сарайында Ядролық лаңкестікпен күрес жөніндегі жаһандық бастамасының жалпы отырысына (ЯЛКЖБ) Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Ғалымжан Қойшыбаев бастаған қазақстандық делегация қатысты, деп хабарлайды Bnews.kz.


Іс-шараға ЯЛКЖБ-ға қатысушы мемлекеттер, бастама теңтөрағалары (АҚШ, Ресей), бақылаушылар мен бес халықаралық ұйымның 200-ге жуық өкілі қатысты.

Қазақстан Жаһандық бастаманы ядролық қаруды таратпау тәртіптерді таратпауды нығайту мен лаңкестік қауіптерге қарсы тұрудың маңызды бөлігі деп есептейді. Біздің мемлекет бұл бастамаға алғашқы әріптестердің бірі ретінде қосылды.

Лаңкестік ұйымдардың ядролық қаруларға, оның бөлшектеріне, технологиясына және радиоактивті материалдарына қол жеткізу жөніндегі тұрақты құштарлықтары барлық адамзат қауымы үшін үлкен қауіп қатерлер тудырады және ЯЛКЖБ жұмыстары өзінің өзектіліктерін сақтап отыр.

Қазақстан жаппай қырып жою қаруларын таратпау мен халықаралық лаңкестікпен күрес жөніндегі бастамаларға белсенді қатысушы ретінде оның жұмысына зор үлес қосып келеді. Нақтырақ айтқанда, Астанада 2007 жылы 11-12 шілде аралығында ЯЛКЖБ-ның үшінші кездесуі, ал 2010 жылы қыркүйекте Ядролық лаңкестікпен күрес жөніндегі жаһандық бастаманың лаңкестікті қаржыландыруға қарсы тұру жөніндегі конференциясы өтті.

Ядролық лаңкестікпен күрес жөніндегі жаһандық бастаманың жалпы отырысында қатысушы мемлекеттер ЯЛКЖБ-ның соңғы екі жылдағы жұмыстарын қорытындылай келе, жаңа мақсаттары мен бастамалық міндеттемелеріне қол жеткізу үшін жан-жақты қолғабыс көрсететіндерін және оларды жүзеге асыру үшін тығыз ықпалдасатынын қайта растады.