2016 жылы 28 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінде «Атом саласы қызметкерлері күні» мерекесіне арналған салтанатты жиналыс болып өтті.
Салтанатты шараға ҚР Энергетика министрлігінің, ведомстволық ұйымдары «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК, «Ядролық физика орталығы» РМК, «Геофизикалық зерттеулер институты» РМК қызметкерлері, сонымен қатар, «Казатомпром» ҰАК» АҚ, «Волковгеология» АҚ, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ қызметкерлері қатысты.
ҚР Энергетика вице-министрі Б.Джаксалиев барлығын атом саласы қызметкерлерінің күнімен құттықтап, қызметкерлерді атом саласында өзінің кәсіби қызметінде жетістіктерге жеткені үшін «Атом саласының үздігі» ведомстволық төсбелгілерімен марапаттады, ол марапат Қазақстан Республикасының Үкіметі 2011 жылы 15 желтоқсанда № 1539 «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына жататын кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық марапаттары туралы» қаулысы қабылданғаннан бері алғаш рет тапсырылып отыр. Сонымен қатар, қызметкерлерге Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табыстарды. «Атом саласының үздігі» төсбелгілері Левин Александр Григорьевич («ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК «Атом энергиясы институты» филиалының атом энергетикасын дамыту бөлімінің басшысы), Акатов Анатолий Иванович («ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК ақпараттық технологиялар бөлімінің инженер-электронигі), Дара Сергей Маркович («Казатомпром» ҰАК» АҚ Стратегиялық даму департаментінің директоры).
Қазақстан Республикасындағы атом саласы қызметкерлерінің күні Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы № 3827 «Қазақстан Республикасындағы кәсіби және басқа да мерекелер туралы» жарлығымен бекітілген және жыл сайын 28 қыркүйекте атап өтіледі.
Қазақстандық мерекелер күнтізбесінде атом саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесінің пайда болуы саланың ел экономикасындағы маңызды рөлінің айғағы болып табылады.
Бүгінгі таңда Қазақстанның атом саласы ел экономикасының ең жоғары технологиялы, ғылымды қажет ететін және пайдасы жоғары салаларының біріне айналып отыр, ол стратегиялық маңызы бар, негізгі салалардың бірі болып есептеледі. Атом саласының жетістіктері тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін, оның болашақта лайықты орынға шығу талпынысын растайды және мұнда атом энергетикасы негізгі рөлге ие болмақ.
Осы жылы Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Вашингтонда (АҚШ) өткен Ядролық қауіпсіздік саммитіне қатысты. Саммит барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның ядролық нысандары мен материалдарының қауіпсіздігі деңгейі ең жоғары алғашқы жиырма мемлекеттің қатарында екенін айтып өтті. Елде ұлттық деңгейде физикалық ядролық қауіпсіздік шаралары кешені жүзеге асырылған, ядролық материалдарды экспорттық бақылау жүйесі жетілдірілген. Бұдан басқа, осы жылы Алматыдағы ядролық физика орталығының зерттеу реакторлары аз байытылған отынға көшкен.
Сонымен қатар, осы жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Семей сынақ полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойғанына 25 жыл толып отыр. Осыған байланысты 2016 жылы 29 тамызда «Тәуелсіздік Сарайы» ғимаратында «Ядролық қарусыз әлемге ұмтылу» тақырыбында Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 25 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті. Конференция ғаламдық қауіпсіздік, атап айтқанда ядролық қарусыздандыру және таратпау мәселелеріне арналды.
ҚР ЭМ