Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 31 наурыз - 1 сәуір күндері Вашингтон қаласында өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысады.

Мемлекет және үкімет басшыларының қатысуымен өтетін ядролық қауіпсіздік мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі кездесу ядролық контрабандаға қарсы тұрып, ядролық терроризм әрекеттеріне тоқтау салу, анықтау және болдырмау мақсатында осал ядролық материалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әлемде бар көп жақты құрылымдардың қызметін белсенділендіруді көздейді.

Алда өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші қорытынды саммиттен не күтуге болатындығы туралы «Егемен Қазақстан» газеті Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Омаровпен сұхбатты жариялады.

ҚазАқпарат осы сұхбатты оқырмандар назарына ұсынады.

- Қайрат Ермекұлы, АҚШ-тың ядролық қауіпсіздік мә­се­ле­лері бойынша жоғары деңгей­дегі форумдарды шақыру бас­та­масының себебі неде деп ой­лайсыз?

- АҚШ Президенті Барак Обаманың ядролық тарат­пау қағи­даларын берік ұстанатын­дығы баршаға мәлім. Ол 2009 жы­лы Прага қаласында сөйлеген сөзін­де «ядролық терроризм әлем­дік қоғамдастық үшін тіке­лей және экстремалды қауіп» деген болатын. Бір жыл өткенде, яғни 2010 жылы дүниежүзі на­зарын ең жоғары деңгейде яд­ролық терроризм қаупіне аудару мақсатымен Вашингтонда Яд­ролық қауіпсіздік жөніндегі алғашқы саммит шақырылды. Оның жұмысына 50-ден астам мемлекет басшылары қатысты, бұл БҰҰ құрылғаннан бері ел бас­шыларының ең көп жиналған іс-шарасы болды. Одан кейін тағы екі саммит: 2012 жылы Сеул қа­ла­сында және 2014 жылы Гаа­га қала­сында өткізілді. Сол жылы АҚШ Президенті Берлин­де сөз сөй­леп, 2016 жылы Вашинг­тонда төр­тінші әрі соңғы саммит өтеді деп ресми түрде жа­риялады.

- Өткізілген саммиттердің пай­­дасы неде? Өткен кез­десу­лер­­ден елеулі нәтижелер бар ма?

- Өткен саммиттердің қоры­тын­­дылары бойынша он­даған елдік, көп жақты мін­детте­мелер қа­былданды, ядролық қауіп­сіз­дік­ті қолдайтын халық­аралық инс­титуттарды нығайту және мате­риалдар қауіпсіздігін жақ­сарту жолында елеулі нәтиже­лерге қол жеткізілді.

Көптеген қатысушы мемлекеттер екіжақты және көпжақты тетіктерді пай­да­ланып, ішкі ядролық қауіп­сіздікті нығайту және жаһандық қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін нақты шаралар қолдану мін­деттемелерін мойнына алды. Ғы­лыми-зерттеу ұйымдарының мәлі­меті бо­йынша, 2014 жылға қарай 2010 жылы сәуірде Вашингтонда қабылданған міндеттемелердің 95 пайызы орындалды.

Осы жерде аталған мәселеге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және жалпы еліміздің қосқан зор үлесін ерекше атап өткім ке­леді. 2010 жылы қарашада энер­ге­тикалық серіктестік бойынша екіжақты комиссияның тең төра­ғалары - Қазақстан мұнай және газ министрі Сауат Мың­баев пен АҚШ Энергетика министрінің орынбасары Дэниел Поне­ман Ақтау қаласында плутоний шығарып келген БН-350 өнді­рістік ядролық реакторының «қауіп­сіз жабылуын» жария етті. Атал­ған бағдарламаның жабылуы дү­ниежүзінде ядролық қауіпті азайту жолында екі ел арасындағы стра­тегиялық серіктестіктің соңғы 15 жылдағы ең жарқын оқиға­ларының бірі болды. Қауіпсіз қой­маға көшірілген плутоний мө­л­шері 70 шақты ядролық қару өнді­рісіне жеткілікті еді. Жобаға жүздеген қазақстандық және америкалық ғалымдар, инженерлер, қауіпсіздік және көлік тасымалы саласындағы мамандар қатысты.

Тек 2010 жылдың ішінде Ақтау қаласынан Қазақстанның шығыс аумағына 3 мың шақырым жерге арнайы контейнерлерде істен шыққан отынның тасымалы 12 рет жүзеге асырылды. Дәл осы бірінші саммит шеңберінде Президент Б.Обама Қазақстанның аталған саладағы жетекші рөлін нақты атады. Президентіміздің белсенді ұстанымына орай біз осы кезге дейін дүниежүзіндегі таратпау ісінде алдыңғы қатардамыз.

Сеулдегі саммит бірінші сам­миттің жұмысын жалғастырып, ха­лықаралық қоғамдастықтың на­зарын физикалық ядролық қауіп­сіздікті нығайту саласындағы тиімді ұлттық және халықаралық шараларды өңдеу қажеттілігіне аударды. Саммит барысында үш ел президенттері: Қазақстаннан - Нұрсұлтан Назарбаев, АҚШ-тан - Барак Обама, Ресейден - Дмит­рий Медведев осыдан 25 жыл бұрын жабылған Семей ядро­лық сы­нақ полигонындағы үшжақ­ты ын­тымақтастықты қорытын­дылап, біріккен мәлімдеме жасады. Қа­зақстан, АҚШ және Ресей мем­­лекет басшылары Деге­лең тауы­­ның сілемінде ядролық сы­нақ­­тар өткізілген және радиа­ция­лық белсенді материалдардың қал­дық­тары қалған туннельдерді жабу ісі бойынша көпжылдық біріккен опе­ра­цияның аяқталғанын жария етті.

Гаагадағы саммит алдағы екі сам­миттің жетістіктеріне негізде­ліп, дүниежүзіндегі қауіпті ядро­лық материалдардың санын қыс­қарту; барлық ядролық материал­дардың және радиациялық бел­сенді көздердің қауіпсіздік дең­гейін көтеру; халықаралық ынты­мақ­тастықты нығайту секілді үш мақсатты көздеді.

- Үстіміздегі жылғы Вашинг­тон саммитінен не күтеміз?

- 2016 жылғы саммит алда өткен үш саммиттің басты мақ­саттарын тиімді ілгерілетіп, МАГАТЭ және өзге де салалық ұйым­­дар­мен ық­палдаса қауіпсіз­діктің одан да берік архитектурасын, одан да тұ­рақты моделін орнатады деп күтілуде. Вашингтон сам­миті, сон­дай-ақ, халықаралық стан­­дарт­тарға және елдердің өз мін­дет­темелерін орындау үдеріс­теріне негізделіп, ядролық қару мате­­риал­дарының жаһандық қор­ларын қыс­қарту бағдарында яд­ролық қауіп­сіздік саласындағы елеулі өз­ге­рістерді ілгерілетуге бағытталмақ.

Қазақстан алдағы саммитке де жаңа жетістіктері мен баста­ма­ларын ала бармақ. Оның ішіндегі ең маңыздысы МАГАТЭ-нің уран­­ның Өскемендегі Төмен байы­тылған халықаралық банкі болып табылады.

- Алдағы төртінші саммит неге қорытынды деп атала­ды? АҚШ-тың бастамасымен ядро­лық қауіпсіздік мәселелеріне ар­нал­ған өзге саммиттер шақы­ры­ла ма?

- Ядролық қауіпсіздік бойынша саммитті шақыру - Президент Барак Обаманың жеке бастамасы. Биыл оның президенттік мер­зімі аяқталады. Осы тектес сам­миттердің болашақта шақыры­латыны немесе шақырылмайтыны Ақ үйдің жаңа әкімшілігінің ше­ші­міне байланысты. Қазіргі кезде АҚШ-тың ішкі саясатында зор өзгерістер орын алуда. АҚШ-тағы сайлау науқаны белсенді жүріп, екі партиядан басты үміткерлер анық­талды. Ал Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашинг­тонға осы жолғы сапары екі ел­дің яд­ролық қауіпсіздік саласын­дағы стра­тегиялық серіктес­тігінің са­бақ­­­тастығын әрі Қазақ­стан­ның дү­ние­жүзі антиядролық қоз­ға­лы­­сын­дағы жетекшілігін тағы бір мәр­те көрсетуіне мүмкіндік береді.

- Қазақстан Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік саммитіне қандай жетістіктермен бара жа­тыр, сол туралы толығырақ баян­дап берсеңіз.

- Елбасының Вашингтонға сапары Қазақстанның таратпау және халықаралық қауіпсіздік ісіне берік ұстанымын тағы көрсетуіне, ядролық материалдардың нақ­ты қауіпсіздігін сақтаудағы тәжі­ри­­бесімен және танымымен бөлі­суіне мүмкіндік береді.

Саммитке 52 елдің және ха­лық­аралық ұйымдардың басшы­лары шақырылған. Айтып кет­кенімдей, Қазақстан саммитке ядро­лық саладағы жаһандық ынты­мақ­тас­тықтың да, АҚШ-пен екіжақты стратегиялық серіктестіктің де елеулі жетістіктерімен аяқ бас­пақ. АҚШ-пен бірлесіп жасал­ған сәтті жобаларға қысқаша шолу­дың өзі аталған салада айтар­лықтай сапалы ілгерілеу бар екенін айғақтайды. Олардың ішінде: Қазақстан Рес­публи­касы­ның Ұлттық ядро­лық орта­лығы Ядролық физика инсти­туты­ның ВВР-К реакторы­ның төмен байытылған уранға өтуі, Фи­зикалық ядролық қорғау орта­лығының салынуы, Алматы қаласындағы Орталық референц-лабо­раторияның құрылысы бар. Б.Обама әкімшілігі бірқатар қа­зақ­­стандық бастамаларды, соның ішінде 2006 жылғы Орта­лық Азияны Ядролық қарудан азат ай­­маққа айналдыру туралы шарт та бар, кепілдіктер туралы хат­тама­ға қол қою арқылы қол­дады.

- Қазақстан аумағында Тө­мен байытылған уран банкін құ­ру ісіне АҚШ-та қандай пікір біл­діріледі?

- 2015 жылы тамызда Қазақ­стан мен МАГАТЭ арасында еліміз аумағында Төмен байы­тылған уран банкін құру туралы келісімшартқа қол қойылуы халықаралық қоғам­дастық тарапынан да, сондай-ақ, АҚШ тарапынан да жоғары ба­ға­ланды. Осы жақында ғана АҚШ конгрессмендері Дэна Рора­бакер мен Элси Хастингстің мәлімдемелері жарияланды. Кон­грессмендердің екеуі де Қазақ­станның ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартуы туралы Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешімін әрі төмен байы­тылған уранның қайталама нары­ғын қамтамасыз ететін бұрын-соңды болмаған Төмен байы­тылған уран банкінің еліміз аума­ғында құрылуын теңдессіз бастамалар ретінде атап өтті. АҚШ-тағылар бұл банк өзге елдер үшін бейбіт атом энергиясының қолжетімділігін қамтамасыз етіп, олардың ядролық отынды байыту бойынша өз бағдарламаларын жасау қажеттілігін жоятындығын түсінеді және бағалайды.

Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит қарсаңында өтетін атом өнеркәсібі конференциясының барысында Қазақстан мен «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-қа Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Төмен байытылған уран банкін орналастыру туралы аса маңызды ұсынысына құрмет белгісі ретінде «Халықаралық көшбасшылық үшін» арнайы наградасы тапсырылады деп күтілуде. Ал бұл марапаттың ядролық таратпаудың жаһандық үдерісіне маңызды үлес болып қосылатыны күмәнсіз.

- Жақсы жаңалық екен. Ал Құрама Штаттар Иранның яд­ролық проблемасының оң шешім табуындағы Қазақ­стан­ның рөлін қалай бағалайды?

- Иранның ядролық бағ­дар­ламасы бойынша келіссөздер өткізуде және Жалпыға ортақ іс-шаралардың біріккен жоспарын жүзеге асыруда Қазақстан мен Елбасының рөлі Президент Барак Обаманың және АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керридің ресми сөздерінде бір­неше рет атап өтілген болатын. АҚШ Мемлекеттік депар­та­менті 2015 жылғы 28 желтоқ­сан­да Мемлекеттік хатшы Дж.Керридің Иранға ядролық мате­­риалдар жіберу ісіне қосқан үлесі үшін Қазақстанға алғы­сын білдіргені туралы мәлімд­е­ме­сін жариялағаны мәлім. Мә­лім­демеде, сонымен қатар, Жалпыға ор­тақ іс-шаралардың біріккен жос­парына табысты қол жеткізуде Қазақстанның келіссөздер үшін алаң бергені атап көрсетілді. Естеріңізге сала кетейін, «алтылық тобының» Иран, МАГАТЭ және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесімен бір­лескен жұмысы шеңберінде Иран­нан төмен байытылған уранның шығарылуына өтем ретінде бұл елге Қазақстан 60 тонна табиғи уран жіберді. Бұл таратпау режімін ны­ғайтып, мемлекеттердің бей­біт атомды дамытуға және ядро­лық отынның жалпыға бірдей қол­жетімді болуына жол ашады деп сенеміз.

- АҚШ пен Қазақстан ара­­сын­­дағы екіжақты қатынас­тарды қалай бағалайсыз?

- Соңғы жылдары Қазақстан-Америка қатынастары стра­те­гиялық сипатқа ие болып, толық серіктестік деңгейіне көтерілді. Бұл, сонымен қатар, екі елдің бірінші басшыларының өзара сый­ластық қатынастарына да бай­ланысты. Үстіміздегі жыл екіжақты қатынастар үшін мерей­тойлық жыл болып табылады: Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш таныған ел­дер­дің қатарында АҚШ-тың болғаны белгілі. Осы орайда, биыл Қа­зақстан мен АҚШ арасын­да дип­ломатиялық қаты­настар ор­науының 25 жылдығын атап өтеміз.

2015 жыл стратегиялық серік­тес­тікті сапалы жаңа деңгейге шығару тұрғысынан алғанда сәтті жыл деп саналады. Өт­кен жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ас­самблеясының шеңберін­де Қазақ­стан мен АҚШ Президент­терінің екіжақты кездесуі өтті. Сәуір­де Қазақстан Премьер-Ми­нистрі Кәрім Мәсімов АҚШ-қа сапармен барды. Қарашада Мемлекеттік хатшы Джон Керридің Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне тарихи сапары жүзеге асты. Оның нәтижесінде Орталық Азия мен АҚШ арасында «С5+1» атымен белгілі ықпалдастықтың жаңа пішімі құрылды.

- Сөзіңізді қорытындылай келе, Қазақстан мен АҚШ қа­рым-қа­тынастарының ал­дағы уа­қыт­­тағы даму мүмкіндіктерін қа­лай сипаттайтыныңызды біл­дірсеңіз.

- Біз АҚШ-пен өзара тиімді және жемісті стратегиялық серік­тестікті одан әрі жалғастыруға ниет­тіміз. Қазақстан әрқашанда әлемдегі ядролық қауіпсіздіктің белсенді жақтаушысы болды және болашақта да болып қала бермек. Біз америкалық серіктестерімізбен өзара мүдделі және көпқырлы үнқатысуды жал­ғас­тыратын боламыз. Елдеріміз ара­сындағы қаты­нас­тардың жоғары ырғағы тек екі­жақты пішім­де ғана емес, өңірлік және халық­аралық мәселелер бойынша да өзара мүдделі салаларда бел­сенді ынтымақтасуға жол ашады.

АҚШ тарапы еліміздің тең­герімді көпвекторлы сыртқы сая­сатын, өңірдегі және одан тыс аумақтағы мемлекеттермен тату қарым-қатынастарын, жаһандық деңгейдегі ауқымды және стра­тегиялық маңызды бастамаларын аса жоғары бағалайды. Және де еліміздің жүзеге асқан жобалары мен халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы ортақ іске қосқан үлесі жоғарыда айтылған оң үдерістердің бірден-бір дәлелі болып табылады.

Қазақстан - ядролық таратпау үдерісінде жетекші рөлге ие. Бұл - халықаралық қоғам­дас­тық тарапынан жалпы мойындалған факт.
 

ҚазАқпарат