Аталмыш іс-шараға Қазақстанның ядролық қоғамы құрамындағы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Ұлттық ядролық орталық» РМК, Ядролық физика институты, ҚР Индустрия және жаңа технеологиялар министрлігінің Атом энергиясы жөніндегі комитеті сияқты кәсіпорындар мен ұйымдардың, сондай-ақ бірқатар шетелдік ядролық қоғамдар мен ұйымдардың – Американың ядролық қоғамы (American Nuclear Society), Жапонияның ядролық қоғамы (Atomic Energy Society of Japan), Ресейдің ядролық қоғамының, Францияның Атом энергетикасы және балама қуат көздері жөніндегі комиссариатының өкілдері қатынасты.
ҚЯҚ мерейтойына арнап ұйымдастырылған Дөңгелек үстелді ашқан Қауымдастықтың президенті – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма Төрағасы Владимир Школьник Қазақстанның ядролық қоғамы ел экономикасы қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешіп жатқан 1993 жылы құрылғанына тоқталды. Сонда Қазақстанның ядролық саласын, атом өнеркәсібі кәсіпорындарының және ғылыми мекемелердің еңбек ұжымдарын сақтап қалу, олардың жұмысын бейбіт мақсаттарға бұру міндеттері алда тұрған-ды.
Сол тұста Қазақстан ядролық қарудан бас тартатынын бірден мәлімдеді. Елдің атом саласының бейбіт сипатын, ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға бағыт алғанын әлем жұртшылығы мойындап, Вашингтон мен Сеулде өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Жаһандық саммиттер, БҰҰ Бас Ассамблеясы сияқты тағы да басқа халықаралық форумдарда айрықша атап көрсетілді.
Түрлі мемлекеттердің ядролық қоғамдары делегацияларының бұл жиынға қатысуы да олардың Қазақстанды ядролық қаруды таратпау саясатындағы әлемдік көшбасшылардың бірі ретінде танитындығын аңғартады.
– Ядролық қоғам Қазақстан тәуелсіздігін енді ғана жариялап, жас мемлекеттің ядролық қарусыз әлемді жақтап шыққан тұсында пайда болды. Қауымдастық Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздікті нығайту бойынша бастамасын алға бастыруды өз алдына басты мақсат етіп белгіледі, - деді Владимир Школьник.
ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев өз сөзінде Курчатов, Семей қалалары әкімдіктерінің БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун қатысуымен бірлесе жүргізген жұмыстарының маңызын жоғары бағалады. Бұл да болса жаһандық ядролық үрейді азайтуға бағытталған Қазақстанның нақты іс-әрекеттерін бағалаудың бір көрінісі. Ал МАГАТЭ Бас директоры Ю.Аманоның қатысуымен «Мэрлер бейбітшілік үшін» халдықаралық ұйымы өткізген «Ядролық қарусыз әлем форумы» және конференциясы Елбасы бастамасының жалғасын тауып жатқанының жарқын дәлелі.
ҚЯҚ 20 жылдық жұмысында тек елімізде ғана емес, шет елдерде де кеңінен танылды. Бүгінде ҚЯҚ атом саласын дамытып отырған әлемнің жетекші елдеріндегі ядролық қоғамдастықтармен өзара серіктестік байланыстар орнатқан. 2004 жылдан бері Қазақстанның ядролық қоғамы Бүкіл дүние жүзілік ядролық қауымдастықтың (WNA), 2006 жылдан бастап WIN (Women in Nuclear) қауымдастығының мүшесі.
Қазіргі таңда Қазақстанның ядролық қоғамы Қазақстан Республикасының атом саласы кәсіпорындарында еңбек ететін 34 000-нан астам адамды біріктіріп отыр.
Ядролық қоғам қызметінің басты бағыттарының бірі халықты ақпаратпен қамтамасыз ету болып, сол мақсатта вэб-сайт жасалды және салалық журнал шығарылып келеді.
Сондай-ақ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ» АҚ мен Қазақстанның ядролық қоғамы кәсіпорындарының бірлескен ақпараттық түсіндіру жұмыстары да айрықша назар аударуға тұрарлық. Уран кеніштеріне жақын маңдағы ауылдарға барып лекциялар оқу, өңір тұрғындарымен кездесулер, мектептер мен арнаулы оқу орындарында интерактивті сабақтар өткізу тұрақты түрде жүргізіледі. Уран өндірілетін аймақтарда тәуелсіз экологиялық сараптамалар жүргізу де қолға алынған. Ауыл тұрғындары көрсеткен жерлердегі судан, топырақтан және ауадан сынама алынып, соңынан зерттеу нәтижелері халыққа жеткізіледі.
Сонымен қатар, экологиялық ұйымдардың өкілдері үшін арнайы экологиялық турлар ұйымдастырылады. Олардың қатысушылары кеніште жұмыс істейтін мамандарға сұрақтар қоюмен бірге уран өндірілетін өндірістік полигонда болып, барлық қажетті нормалар және ережелерге сай уран өндіріліп жатқанын көзбен көруге де мүмкіндік алады.
Саланың мамандарына арналған іс-шаралар халықаралық (мысалы, Қазақстанда екі жылдан бері ресей, жапон және неміс әріптестерінің қатысумен өткізіліп келе жатқан «Қуат, су және химия» инновациялық мектебі) және өңірлік (мысалы, маңызды тақырыптардағы семинар-кеңестер) сипаттарға ие.
Жастарды салаға тарту бойынша да белсенді жұмыстар атқарылып, жастар бөлімі ашылған. Әр жылы саладағы жас мамандардың «Қазақстанның ядролық әлеуеті» конференциясы өткізіліп тұрады.
«Атом энергетикасының және жаңартылатын қуат көздерінің болашағы» дөңгелек үстелінде сөз сөйлеген шетелдік делегациялардың өкілдері радиациялық және экологиялық қауіпсіздік, сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру қызметі саласындағы өз жұмыс тәжірибелерімен бөлісті. Әріптестер Қазақстанның ядролық қоғамын 20 жылдығымен құттықтап, атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары бағасын берді.
Мерейтойлық іс-шараның соңында «Қазақстан Республикасының атом саласына еңбегі сіңген қызметкер» Құрметті белгісімен марапаттау рәсімі өтті.
Дөңгелек үстел аяқталған соң іс-шара қатысушылары үшін жаңа KazPV жобасы бойынша «Kazakhstan Solar Silicon» ЖШС-нің өндірістік алаңдарында және Курчатов қаласындағы ҰЯО нысандарына техникалық тур ұйымдастырылды.
Қазақстанның ядролық қоғамы