Астанада өткен жыл сайынғы кеңесте «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ кәсіпорындарының 2017 жылғы еңбекті және қоршаған ортаны қорғау, радиациялық және ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша атқарған жұмыстарының қорытындысы шығарылды.
Жиынға Қазатомөнеркәсіптің еншілес және тәуелді ұйымдарының, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
– Компаниямыз табиғи уран өндіру бойынша әлемде көшбасшы орынды иелеп отыр. Біз әлемдік нарыққа ядролық отын жеткізу саласында көшбасшы болуға талпынамыз, бұл бәрімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан өндірістегі қауіпсіздікке, еңбекті қорғауға, адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға айрықша мән береміз. Бұл қауіпсіздікке айрықша орын берілген біздің корпоративтік құндылықтарымызбен де үйлесім табады, - деді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов.
Компания атом энергиясын пайдалану саласындағы халықаралық тәжірибеде танылған заманауи әдістер мен технологияларды қолдануға бағытталған өндірістік қызметтің экологиялық қауіпсіздігі мен адамдардың денсаулығына басымдық береді. Мұндай тәсілдеме компанияның қауіпсіздікке басымдылық етуші рөл бөлінген корпоративтік құндылықтарымен де үйлеседі.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ 2017 жылы еңбекті және қоршаған ортаны қорғау шараларына 9 млрд теңгеден астам қаржы бөлді, бұл 2016 жылғыдан 2 млрд теңгеге артық. Есепті кезеңде ластаушы заттардың жиынтық көлемі 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 10 пайызға азайған. Қосымша газ тазалаушы жабдықтардың орнатылуын қамтитын бірқатар табиғатты қорғау шараларын іске асыруға байланысты қалдықтар көлемі қысқарған.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Өндірістік қауіпсіздік департаментінің директоры Манас Ысқақов айтқандай, бизнесті трансформациялау бағдарламасы аясында өндірістегі қауіпсіздіктің барлық маңызды тараптарын қамтитын 14 корпоративтік стандарт әзірленді. Олар өз кезегінде мақсатты процестерді тиімді басқаруды арттыруға ықпал ететін болады.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның барлық кәсіпорындарында өндірістік нысандарға дер кезінде аттестация жүргізіліп, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау, радиациялық және ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мақсатты іс-шаралар атқарылады.
Кеңес қорытындысы бойынша, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес және тәуелді ұйымдары арасында өткізілетін жыл сайынғы конкурстың қорытындысы жарияланып, өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде үздік көрсеткіштерге ие кәсіпорындар анықталып, жеңімпаздар марапатталды. Қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғаудың кәсіпқой менеджментінің қазіргі заманғы стандарттарын сақтаудағы еңбек ұжымдарының күш-жігерінің арқасында осындай жетістіктерге қол жеткізілді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ