«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өкілдері Қазақстан Республикасының энергетика министрі Қанат Бозымбаев басшылығындағы қазақстандық делегация құрамында 18-22 қыркүйекте Австрия астанасында өткен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭЖХА) Бас конференциясының 61-сессиясына қатысты.

АЭЖХА-ның биылғы Бас конференциясында 168 елдің өкілдері бас қосты. Сесссия қатысушылары ядролық қаруды таратпау, энергияға болған өскелең сұранысты қанағаттандыру, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелерді талқылады.

Конференция барысында ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев бүкіл әлемде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты нығайту және оны одан әрі дамытуға қосқан Қазақстанның үлесі туралы баяндама жасады. Сондай-ақ делегация басшысы Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты базасында орналасқан АЭЖХА-ның Төмен байытылған уран банкін әлемдік қоғамдастыққа таныстырды. 2017 жылғы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АЭЖХА Бас директоры Юкия Амано аталмыш Банкті салтанатты жағдайда ашқан болатын.

Шара аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Өндіріс жөніндегі бас директоры Бауыржан Ыбыраев Қазатомөнеркәсіптің серіктес компаниялары өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Тараптар ядролық-энергетикалық саладағы ынтымақтастықтың болашақтағы даму жайын сөз етті.

Сонымен қатар, Қазатомөнеркәсіп АЭЖХА Бас конференциясы шеңберінде өтетін дәстүрлі көрмеде отандық атом индустриясының жетістіктерін баяндайтын экспозицияны ұсынды.
 

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ