ҚР Президентінің 2017 жылғы 29 тамыздағы №536 Жарлығымен Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалды.
А. Жұмағалиев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы болып 2015 жылғы 6 мамырда тағайындалған болатын.
Өткен жылдар әлемдік атом саласы үшін жеңіл болған жоқ. Жағымсыз макроэкономикалық факторлар энергия ресурстарының, соның ішінде табиғи уран бағасының да құлдырауына әкеп соқтырды және тұтас алғанда нарықтың дамуына кері ықпал етті. Алайда күрделі сыртқы экономикалық ахуалға қарамастан компания бар күшті жұмылдырып, трансформацияланып, жоғары өндірістік-қаржылық көрсеткіштерге қол жеткізе білді.
А. Жұмағалиев жұмыс істеген кезеңде ұлттық атом компаниясының таза табысы 3 еседен асып, 110 млрд теңгені құрады. EVA (экономикалық қосымша құн) 4 млрд теңгеге, EBITDA 19%-ға өсті.
А. Жұмағалиев бұл қарқынды бәсеңдетпестен, бизнесті әртараптандыру және компанияның тиімділігін арттыру, сондай-ақ жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету бойынша стратегиялық бастамаларды жалғастыра берді.
Компания табиғи уран өндіру бойынша өзінің көшбасшылық орнын сақтап қана қалмастан, ядролық отын циклының басқа да буындарына қатысуын кеңейте түсті. Қытайлық CGNPC компаниясымен бірге атом саласындағы серпінді жоғары технологиялық жоба – жылу бөлгіш құрамалар шығаратын зауыт құрылысына кірісті. Жаңа кәсіпорын жыл сайын қытайлық АЭС-терге арнап 200 тонна ядролық отын өндіретін болады. Ең бастысы, зауыт алдағы 20 жылға кепілді өнім өткізу нарығына ие. Сатылас-интеграцияланған компания құруға бағытталған бұл жобаны жүзеге асыру жоғары қосымша құнымен уран өнімін шығаруға мүмкіндік береді. Қытайлық компанияларға арналған қазақстандық отын таблеткаларын 2024 жылға дейін жеткізу жөнінде қытайлық серіктестермен келісімге қол қойылды.
Асқар Жұмағалиевтың басшылығында компанияның жаңа стратегиясы бекітіліп, бизнес процестер қайта қаралды, жаңа ұйымдық құрылым бекітіліп, өндірісті әртараптандыру, бейінді емес активтерді жекешелендіру процестері күшейтілді, сондай-ақ серіктестермен тиімді қарым-қатынастар орнатылды.
Бірқатар маңызды халықаралық келісімдер мен шарттарға қол қойылды, атап айтқанда Cameco («Инкай» БК-дағы Қазатомөнеркәсіп үлесін 40%-дан 60%-ға ұлғайту), «Росатом» («УБО» ЖАҚ зиянсыз кәсіпорынға айналдыру), CGNPC (қытайлық компанияларға арналған қазақстандық отын таблеткаларын 2024 жылға дейін жеткізіп беру), AREVA («Катко» БК одан әрі дамыту және қызмет тиімділігін арттыру) компанияларымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Компания уран концентратын жеткізу жөнінде өз серіктестерімен бірқатар ұзақ мерзімді келісімшарттар жасады. Сондай-ақ Қазатомөнеркәсіп алғаш рет Украина АЭС-тері үшін байытылған уран өнімін жеткізу туралы келісімшартқа қол қойды.
Компанияда «Индустрия 4.0» элементтерін енгізуге де көп көңіл бөлінген. Қазатомөнеркәсіп өндірісті цифрландыру бойынша әлемнің жетекші компанияларымен бірқатар меморандумдарға қол қойды. Серіктестер бірлескен кәсіпорындардағы автоматтандыру, цифрландыру және роботтандыру саласындағы ынтымақтастыққа, нақты айтқанда BigData, заттар интернеті, аддитивтік технологиялар, 3D үлгілеу және бұлтты технологиялар бойынша жобалар әзірлеуге ниетті. Компанияны трансформациялау бағдарламасы аясында «Цифрлық кеніш» және «Жағдаяттық орталық» ақпараттық жүйесі іске қосылды.
Сонымен қатар, АЭЖХА-ның ТБУХБ құрылысы аяқталып, «Kazakatom AG» трейдинг компаниясы құрылды, білім беру стратегиясы әзірленіп, өндіріс тиміділігін арттырудың, технологиялық процестерді, қуат үнемдеуді оңтайландырудың және т.б. кешенді шаралары қабылданды.
Едәуір қайта жаңғырулардың арқасында компания өз тиімділігін арттырды. 2016 жылы трансформация бағдарламасын жүзеге асырудың экономикалық тиіміділігі 16 млрд теңгеден асты. Бұған өндіруші және сервистік кәсіпорындардың жұмысын трансформациялау, өндірісті автоматтандыру және қайта жаңғырту, сатып алулар және қоймалар қызметін оңтайландыру, сондай-ақ компанияның шет елдердегі өкілдіктерін қысқарту нәтижесінде қол жеткізілді.
Осы кезеңде 19 әлеуметтік нысан Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының әкімдіктеріне тегін тапсырылып, 12 еншілес кәсіпорынның кеңселері Алматыдан уран өндірілетін өңірлерге қоныс аударды.
Қазатомөнеркәсіп