Бүгін, 20 желтоқсан күні Өскемендегі «Kazakhstan Solar Silicon» ЖШС-де («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес кәсіпорны) күн энергиясын электр энергиясына түрлендіруші фотоэлектрлі ұяшықтар шығаратын өндіріс орны ашылды. Өндірісті іске қосу-баптау жұмыстарына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Индустриализация күнін мерекелеу аясында өтетін жалпыұлттық телекөпір барысында старт берілді. «Kazakhstan Solar Silicon» зауыты 2010 жылы Елбасы тапсырмасымен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қолға алған Қазақстанда күн энергетикасын дамытудың жоғары технологиялық KazPV жобасындағы барынша инновациялық буын болып табылады. Аталмыш жоба аясында Үштөбе қаласы маңында (Алматы облысы) қазақстандық кварц өндіріліп, оны өңдеу және жоғары сапалы кремний алынады, ал Астанада 2012 жылдың желтоқсан айынан бері күн модульдерін шығаратын зауыт жұмыс істеп тұр. Өскемендегі жаңа зауытта «күн» кремнийінен құймалар алынып, олар блоктар мен пластиналарға кесіледі, түпкі өнім ретінде күн модуліндегі негізгі құрамдас бөлік – фотоэлектрлі ұяшықтар жасалады. Кәсіпорынның жобалық қуаты 60 МВт-тан кем емес немесе жылына 16,5 миллион фотоэлектрлі ұяшықты құрайды. «Kazakhstan Solar Silicon» ЖШС бас директоры Василий Лидің айтуынша, «бұл жыл сайын бір жылу электр стансасын салғанмен тең» Зауыт іске қосылуымен бірге жаңадан 440 жұмыс орны ашылады. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Қоғаммен байланыс басқармасы.

ИА жаналықтар-Қазақстан