Саладағы ең көне кәсіпорын (1997 жылдан бері «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ құрамында) – «Волковгеология» АҚ-ның 3600-ден астам қызметкерлері Қазақстанда жылда сәуірдің алғашқы жексенбісінде атап өтілетін Геолог күнін мерекеледі. Еліміздің уран өнеркәсібі саласының бастауында тұрған «Волковгеология» АҚ-ның тарихи шежіресі 1948 жылдан басталады. Отандық жер қойнауын барлаушылар кәсіби мерекелері қарсаңында 3 миллион қума метрден астам ұңғыма бұрғылап, рекордтық көрсеткішке шықты. «Волковгеология» АҚ құрамында қазір Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында орналасқан үш геологиялық-барлау экспедициясы бар. Даму бағдарламасын сәтті орындап жүрген кәсіпорын енді қатты пайдалы қазбаларға маманданатын төртінші экспедицияны құру үстінде жұмыс жүргізуде. «Волковгеология» АҚ қызметінің басты бағыты уранның ресурстық базасын нығайту болып табылады. Кәсіпорын бұл міндеттің де үдесінен шығып отыр. Тек 2011-2013 жылдардың өзінде Қазақстанда келісімшартпен берілген аумақтардағы ресурстарды қорға айналдыру есебінен қордағы уран көлемі 120 мың тоннаға өсті. Геологтарды төл мерекесімен құттықтаған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Владимир Школьник: «Әр күнгі қажырлы еңбекті, терең теориялық білімді және өз ісіне шексіз берілгендікті бойларына біріктірген геологтар - ерекше кәсіп иелері, қай кезде де ол құрметті мамандық болып қала бермек. Қазақстанды әлемдегі қойнауы қазынаға толы мемлекеттер қатарына қосқан де осы геологтардың табанды еңбегі», - деп атап өтті. Бұл күні өмірлерінің талай жылдарын отбасынан алыстағы дала экспедицияларына арнаған ардагерлермен бірге, романтикаға толы мамандықты жүрек қалауларымен таңдаған жас геологтар да құттықтаулар қабылдады. «Геологтардың қатысуынсыз шешілетін мәселенің өзі жоқ, өйткені олардың қолымен, ақыл-ой және қайрат-жігерімен отандық экономиканың іргетасы қаланады. Сіздердің еңбектеріңіз бүкіл адамзатқа жер ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретіндігімен де орасан пайдалы. Сіздер өз қолдарыңызбен Отанымыздың байлығын еселеп арттырып келесіздер!» - деді Нұрлан Рыспанов.
 


«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы