19-21 маусым аралығында Мәскеуде IX Халықаралық «АТОМЭКСПО 2017» форумы өтеді. Форум жұмысына «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы да қатысып отыр.
Биылғы форумның басты тақырыбы – «Атомдық технологиялар – қауіпсіздік, экология, тұрақтылық». Көрме кешенінің алаңына Қазатомөнеркәсіп қызметінің негізгі бағыттарына арналған экспозициялық стенд орнатылды.
Қазатомөнеркәсіп – уран өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы және АҚШ, Қытай және Францияға ірі табиғи уран жеткізіп беруші. Компания 14 кен орнында ең прогресшіл және экологиялық қауіпсіз саналатын жер асты ұңғымалы шаймалау әдісімен уран өндіреді.
«АТОМЭКСПО-2017» халықаралық форумы атом өнеркәсібі саласындағы халықаралық, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, ресейлік және шетелдік компаниялардың өкілдері қатысуымен өтетін мамандандырылған көрме және конгрестен тұрады. Сондай-ақ, шара барысында атом саласын инновациялық дамыту, өнеркәсіпке цифрлық технологияларды енгізу және экологиялық қауіпсіздік мәселелері талқыланатын болады. Биылғы атом форумында әлемнің 33 елінен 6500 делегат бас қосты.
Алғашқы жұмыс күнінің басты оқиғасына айналған «Атом – болашақтың көміртексіз энергетикасының негізі» пленарлық сессиясында жетекші компаниялар мен ведомстволардың басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар әлемдік энергетикалық нарық тап болған қазіргі заманғы сын-қатерлерді, сондай-ақ сенімді, экономикалық болжамды және экологиялық таза қуат көзі ретіндегі атом энергиясын өндірудің рөлін талқылады.
Қазатомөнеркәсіп