«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да компанияның Басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиевтың жас өнертапқыштармен – еншілес кәсіпорындардың қызметкерлерімен кездесуі болып өтті.

«Бүгін көпшіліктеріңіз үшін еңбектегі жаңа дәуір басталмақ. Компанияның 20 жылдығында сіздердің өнертабыстарыңыз үлкен өмірге жолдама алуы да бір естелік болып қалады. Бұл жаңа тарихымыздың бастауына айналып, келесі мерейтойда идеяларыңыз бүкіл атом өнеркәсібінің игілігі үшін толық көлемде жұмыс істейтін болсын», - деді Асқар Жұмағалиев өзінің кіріссөзінде.

 

Кездесуге «Семізбай-U» ЖШС, «Орталық» ӨК» ЖШС, «ЖТИ» ЖШС, «КБ-6» ЖШС және компанияның орталық аппаратынан 15 өнертапқыш қатысты. Инновациялық жобалар авторлары өндіріс тиміділігін арттыру, өнімнің өзіндік құнын төмендету жөніндегі идеялары туралы әңгімеледі. Атап айтқанда, «ЖТИ» ЖШС-нан Алексей Лексин уран өндіруде наносүзгілеуді қолдануды ұсынды. Бұл әдіс өнімді ерітінділерде уран мен сирек жер металдардың шоғырлануын ұлғайтады, соның нәтижесінде қолданылатын реагенттер мен энергия ресурстарын тұтыну көлемі бірнеше рет төмендейді.

«КБ-6» ЖШС-нан Жәмшидин Байназаров пен Жігер Кенжетаев ұңғымаларды химиялық өңдейтін жылжымалы қондырғы жобасын ұсынды. Бұл жөндеуаралық циклды қысқартып, ұңғымаларды өңдеудің өзінен жыл сайын 18 млн теңгеден астам қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді.

 

 

«Семізбай-U» ЖШС-нан Миршат Мулюков дренажды қондырғылардағы металл жабдықтарды одан гөрі ұзағырақ қызмет ететін, тотығуға төзімді полимер материалдардан әзірленген жабдықтарға алмастыру жайлы айтып берді. Бұл өнертабысты енгізу нәтижесінде өндірістегі насостық жабдықтардың қызмет ету мерзімі еселеп артады.

 

Қазатомөнеркәсіптің орталық аппараты өкілі Арманбек Өмирғали геологиялық барлауды бұрғылау және технологиялық ұңғымаларды құру үшін қазіргі заманғы техникалық құралдар мен бұрғылау қондырғыларын әзірлеу және енгізу жобасы туралы әріптестеріне ақпарат берді. Өз кезегінде Дәуіржан Ысқақов өндірістік көрсеткіштерді оңтайландыру (барлық кәсіпорындарда электр энергиясының нормаларын біріздендіру) мүмкіндігін көрсетті.

 

Шара барысында уран өндіру және оны кезінде қолданылатын химиялық реагенттер, материалдар мен энергия ресурстардың шығыны көлемін қысқартуға қатысты жиырма шақты ұсыныстар ортаға тасталды. Олардың көпшілігі қазірдің өзінде өндіріске енгізіліп үлгерілген.

2017 жыл басынан бері Қазатомөнеркәсіпке қарасты кәсіпорындардан бес жүзден астам өтінім келіп түсті. Алдын-ала есептер бойынша, олардың экономикалық тиімділігі 1 млрд теңгеден асады. 2016 жылы түскен 1000 өнертабыстық ұсыныстан 1,5 млрд теңге үнемдеуге қол жеткізілген болатын.

Қазатомөнеркәсіп