«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев Ресей Федерациясына жасаған жұмыс сапары барысында «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачевпен кездесті. Әріптесін жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтаған Асқар Жұмағалиев мемлекеттік қызметте жинақталған білім мен тәжірибе екі жақты өзара қарым-қатынасты одан әрі кеңейтуге қызмет ететінін атап көрсетті.

Әңгіме барысында Қазатомөнеркәсіп пен Росатом басшылары ынтымақтастықтың ағымдағы және болашақтағы үмітті бағыттарын талқылады. Тараптар ядролық энергетиканы бейбіт пайдалану саласындағы, нақты айтқанда, уран өндіру және оны байыту, ядролық отын циклы және тағы басқа да бірқатар бірлескен жобаларды іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. Сондай-ақ, «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясындағы атом энергетикасы жөніндегі бірлескен павильонды ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Кездесу қатысушылары өзара тиімді ынтымақтастықтың оң даму қарқынын сақтай отырып, стратегиялық серіктестік жөніндегі қатынастарды сапалық жаңа деңгейге көтеруге ниеттестік танытты.
 

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ