Бүгін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ұжымына ұлттық атом компаниясының жаңа Басқарма төрағасы Ғалымжан Олжаұлы Пірматовты таныстырды. Ол бұған дейін ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген.

Ғ. Пірматовтың кандидатурасы компанияның жалғыз акционері «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның шешімімен бекітілген. Қор басшысы атап өткендей, Ғ. Пірматов атом өнеркәсібінде жұмыс тәжірибесі бар кәсіби басшы. 2009-2011 жылдар аралығында Ғ. Пірматов «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті болды. 2011-2015 жылдары «Cameco Kazakhstan» тау-кен компаниясын басқарды.

– Ғалымжан Пірматов – атом индустриясында жақсы танымал жоғары білікті маман. Ол саламен жақын таныс, сондықтан компания алдында тұрған мақсат-міндеттерді толық орындап, қазір салада жүріп жатқан жүйелі реформаларды соңына жеткізе алады, - деді Ө. Шөкеев.

Кездесуге Қазатомөнеркәсіптің бұрынғы басшысы, бүгінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев қатысты. Ол Қор басшылығы мен ұлттық атом компаниясының ұжымына бірлесе атқарған жемісті жұмыс үшін ризашылығын айтып, жаңа басшыға табыстар тіледі.

Еске сала кетсек, ҚР Президентінің 2017 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Асқар Жұмағалиев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалған болатын.
 

Қазатомөнеркәсіп