«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ «Каустик» АҚ-ның 40% жай акцияларын сатып алу мәмілесін аяқтады. Сату және сатып алу келісіміне «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ тарапынан компания Басқарма Төрағасының орынбасары Нұрлан Рыспанов, ал «Каустик» АҚ жағынан Басқарма Төрағасы Ерлан Орымбеков қолдарын қойды. «Каустик» АҚ акцияларын сатып алу жөніндегі мәміле Елбасының «Павлодар» ЕЭА базасында толыққанды химиялық кластер қалыптастыру жөніндегі берген тапсырмасын орындау мақсатында жасалды. «Каустик» АҚ алаңында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қызметіне қатысты бірқатар импорт алмастырушы өндіріс орындарын ұйымдастыру жоспарланған. Атап айтқанда, уран өндіруде және оны өңдеуде қолданылынатын каустикалық сода және сутегі тотығын, сондай-ақ сирек және сирек жер металдар үшін хлор мен реагенттер алу көзделген. Сонымен қатар, әлемдік озық технологияларды трансферттеу негізінде ауыз суды тазарту және дезинфекциялау үшін реагенттер жасау жайы да қарастырылған. «Каустик» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Орымбеков ұлттық атом компаниясының «Каустик» АҚ акционерлері құрамына енуі зауыт үшін де, жалпы отандық химия саласын дамыту үшін де айтулы оқиға болып табылатынын атап көрсетті.

kursiv.kz