Алматыда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Satbayev University «Атом өнеркәсібінің халықаралық ғылыми-оқыту орталығы» (АӨХҒОО) қызметінің аясындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған салтанатты рәсім болып өтті.

Бүгінде бұл Орталықта «Пайдалы қазба кен орындарын геологиялық түсіру, іздеу және барлау», «Органикалық емес заттардың химиялық технологиясы», «Автоматтандыру және басқару» мамандықтары бойынша 30 магистрант білім алып жатыр. Магистрантттарды оқытудан бөлек, АӨХҒОО-да уран өнеркәсібінің бірегей білім базасы ұйымдастырылған: Қазатомөнеркәсіп үшін зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізіліп, ғылыми-оқыту және әдістемелік құралдар, мультимедиялық оқыту материалдары жасалады.

«Білім беру сапасын жақсарту үшін университет тарапынан қыруар жұмыстар атқарылды. Қазатомөнеркәсіп қызметкерлеріне арнап біз үлкен көлемдегі ғылыми материалдарды цифрландырып, өндірістен қол үзбей, қашықтан оқыту форматын жолға қойдық. Сондай-ақ өзіміздің он оқытушыны «Қаратау» ЖШС уран өндіруші кәсіпорнына тағылымдамаға жіберіп алдық. Бұдан бөлек, магистранттар бүкіл оқу барысында әр семестр сайын тікелей Қазатомөнеркәсіптің өндірістік нысандарында тәжірибеден өтеді», - деді Satbayev University ректоры Искандер Бейсембетов.

Салтанатты рәсімде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Өндіріс жөніндегі бас директоры Марат Ниетбаев атап көрсеткендей, «Халықаралық оқыту орталығы бәрінен бұрын уран өнеркәсібі саласындағы өз мамандарымызды әзірлеу үшін құрылды».

«Кез келген жобаны іске асыру үшін білікті маманның мәні зор, ол – табыстың басты кепілі. Алайда біздің саладағы кадр тапшылығы бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселе. Біз келіп түскен 150 өтінімді қарап шығып, ең дарынды 30 адамды іріктеп алдық. Олар курсты бітірген соң біздің ісімізді жалғастырады. Магистранттар оқудан кейін Қазақстанның атом өнеркәсібін дамытуға өлшеусіз үлес қосарына сенемін», - деп түйіндеді Марат Ниетбаев.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ