Елімізде атом энергетикасы мен ядролық технологияларды дамыту мақсатында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «Ұлттық ядролық орталық» РМК Ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді бекітті.

Құжатқа ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев және ҰЯО бас директоры Ерлан Батырбеков қолдарын қойды.

Келісім аясында тараптар атом саласының нормативті-құқықтық базасын әзірлеу, ядролық ғылым және технологиялар, ядролық және радиоактивтік материалдарды таратпау, тұрғындар мен қызметкерлердің радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі ынтымақтастықты жоспарлап отыр.

Сондай-ақ құжатта атом энергетикасы саласындағы мамандар даярлау, ақпараттар алмасу, жаңа тәжірибелік қондырғылар жасау, бірлескен ғылыми-зерттеу бағдарламаларын іске асыру, ядролық отын циклы саласына жаңа инновациялық технологияларды енгізу бойынша іс-әрекеттер қамтылған.
 

Қазатомөнеркәсіп