Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің ҚХР-на сапары аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев пен CGNPC (China General Nuclear Power Corporation) бас директоры Чжань Шанминь (Zhang Shanming) Қазақстанда жылу бөлетін құрамалар өндіретін зауытты жобалау мен салудың және Қазақстандағы уран кен орындарын бірлесе игерудің коммерциялық шарттары туралы Келісімге қол қойды.

Құжат «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ базасында ҚХР атом электр станцияларына арналған жылдық өндірістік қуаты 200 тонналық отын құрамалары өндірісін құруды көздейді.

Сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы, China National Nuclear Corporation және CITIC Group Corporation арасындағы ынтымақтастыққа ниеттестік туралы үш жақты келісім бекітілді.

Құжатқа «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев, «China National Nuclear Corporation» президенті Циянь Жиминь (Qian Zhimin), «CITIC Group Corporation» төрағасының орынбасары және президенті Ванг Жонг (Wang Jiong) қолдарын қойды.

Тараптар бұрыннан ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестік және өзара әрекеттестік тәжірибесіне ие және атом өнеркәсібі мен энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті. Келісім аясында қызметтің түрлі бағыттары бойынша үш жақты ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен жолдарын анықтау үшін бірлескен жұмыс тобын құру жоспарланған.
 

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ