«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматовтың төрағалық етуімен өткен отырысқа «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері, ұлттық атом компаниясының бас директорлары мен құрылымдық бөлімше басшылары қатысты.
Қазатомөнеркәсіптің Трансформация және кадрлық саясат жөніндегі бас директоры м.а. Мирас Қасымов жиналғандарға жаңартылған жобалар қоржыны мен Трансформация бағдарламасының 2017-2018 жылдарға арналған Жол картасын таныстырды. Жаңартылған қоржынға 11 жоба енгізілген, олардың арасында автоматтандыру мен цифрландыру жөніндегі кең ауқымды жобалар, атап айтқанда ERP, Жоспарлаудың біріктірілген жүйесі және «Цифрлық кеніш» жүйесін енгізу бар.
Бұдан бөлек, сатып алулар қызметі жөніндегі жаңа жоба таныстырылды. Оның міндеті – сатып алуларға кететін шығынды азайтып, санаттық сатып алуларды енгізу есебінен қосымша пайда табу.
Жоспарлаудың біріктірілген жүйесін (ЖБЖ) енгізу де алғашқы экономикалық тиімділіктерін көрсете бастады. Жобаға 2016 жылы Қазатомөнеркәсіптің еншілес кәсіпорны «КБ-6» ЖШС-да старт берілген болатын. Пилоттық жоба аясында өндіруші кәсіпорынның мақсаттық көрсеткіштерінің орындалуы ЖБЖ-да есептелді. Жүйеде өнімді ерітінділерді өңдеу учаскесінің цехындағы электр энергиясына есеп жүргізіліп, жабдықтарды оңтайландыру және өнімді ерітінді насостарының тиімді жұмысы үшін қосымша әлеует бары анықталды.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов бірінші кезекте корпоративтік мәдениетті трансформациялап, тиімді басқару шешімдерін қабылдауға көмектесетін жаңа дағдылар мен құралдарды жасау қажеттігін атап көрсетті.
Қазіргі кезде трансформацияның 4 жобасы іске асырылды: ақпараттық қауіпсіздік, ықтимал қатерлерді басқару, маркетинг және сатулар қызметі бойынша мақсатты модельдер енгізіліп, SAP лицензияларымен қамтамасыз етудің сервистік моделіне ауысу аяқталды. Жаңа енгізілімдер компания шығындарын азайтуға және тиімді әрі қауіпсіз жұмысты қамтамасыз етуге бағытталған.
«Самұрық-Қазына» АҚ Трансформаиця және арнайы жобалар жөніндегі басқарушы директоры Адамас Илькявичюс өз сөзінде трансформацияның міндеті компанияның тек технологиялық жаңару еместігін атап өтті.
Адамас Илькявичюс
«Трансформация бағдарламасында экономикалық қайтарым да, өзгерістердің өлшеуге көнбейтін басқа жақтары да маңызды. Трансформация тиімділік тұрғысынан ғана емес, корпоративтік мәдениет, ептілік, талпыныс және амбицияларды да мүлде жаңа деңгейге шығаруы тиіс. Осы тұрғыдан біз барлық компанияларды өздеріне жоғары амбициялық мақсаттар қоюға шақырамыз», - деді А. Илькявичюс.
Отырыс қорытындысы бойынша Бизнесті жаңғырту жөніндегі кеңес мүшелері «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да Трансформация бағдарламасын жүзеге асырудың барысына оң бағаларын берді.
Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ