Астанада «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Көңілді тапқырлар клубының кубогын сарапқа салған ойынға холдинг кәсіпорындарының 11 командасы қатысты.

Бұл жолғы ойын тақырыбы: «Жыл бойы жалғасқан мереке!» болды.

Атомдық «кткашылардың» әзіліне 2017 жылдың басты оқиғалары – Астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі, Өскеменде ашылған Төмен байытылған уран банкі және Қазатомөнеркәсіптің 20 жылдығы негізгі арқау болды. Күлкі кешін КТК жоғары лигасының 2016 жылғы чемпионы «Азия Микс» КТК командасының капитаны Элдияр Кененсаров жүргізді.

 

Қатысушылар «сәлемдесу» және «музыкалық үй тапсырмасы» деген екі конкурстық шарт бойынша ұтқыр да уытты әзіл-сықақтарын ұсынды. Ал үздік әзілкештерді құрамына «Қазақстанның ядролық қоғамы» қауымдастығының директоры Наталья Жданова (төрайым), «Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қасымжан Мәдиев, әнші Adam, «Orda FM» радиосындағы «Джентльмендер лигасы» шоуының жүргізушісі Антон Зыкин және «Спарта» КТК командасының директоры Серікжан Несіпбаев енген сараптамалық қазылар алқасы анықтады.

 

Өрнекті ойынның қорытындысы бойынша бас жүлде – Қазатомөнеркәсіп КТК ауыспалы кубогын Сауда-көлік компаниясының командасы жеңіп алды.

Екінші орынды әдемі әзілдері үшін «Қаратау» ЖШС-ның командасы еншіледі.

 

Үшінші орынды «KAP Technology» ЖШС мен «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС командалары өзара бөлісті. Сондай-ақ «Үздік әзіл» және «Үздік актер» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталды.

«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының 20 жылдығы мен КТК кубогының 5 жылдығы құрметіне белгіленген корпоративтік дәстүрлерге адалдығы үшін арнайы сыйлықтарына Үлбі металлургиялық зауыты, МАЭК-Қазатомөнеркәсіп, Семізбай-U және «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының командалары ие болды.

 

«Командаларды тамаша ойындарымен құттықтаймын! Бәрі де мәнді, мағыналы, музыкалы және өте әдемі шықты. Бұл бәрімізге үлкен шаттық сыйлаған күлкі мерекесі болды. Барлықтарыңызға жаңа шығармашылық табыс, қызықты ойын және жарқын жеңістер тілеймін! Сіздерге қарап тұрып, мұндай қызметкерлермен кез келген міндетті орындауға болатынын түсінгендеймін!», - деді қатысушыларды құттықтаған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов. Барлық қатысушыларға Ұлттық атом компаниясының басшылығы атынан диплом, грамота және сыйлықтар тапсырылды.

 

Айта кетерлік жәйт, командалардың көп санды жанкүйерлері ойын көрігін қыздыра түсті. Залдағылар сахнадағы әріптестерінің ұтқыр әзілдерінен күлкіге қарық болып, қошаметтерін білдіріп отырды.
 

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ