30 маусым күні Астанадағы Қазмедиа орталығының кино-концерт залында «Талантыңмен таныл» корпоративтік конкурсының Гала-концерті болып өтті. Бұл – осымен Қазатомөнеркәсіптің барлық кәсіпорындарынан дарынды қызметкерлер қатысқан кең ауқымдағы шығармашылық марафонның екінші маусымы. Биылғы конкурс ұлттық атом компаниясының 20 жылдық мерейтойына арнап ұйымдастырылды.

 

Айта кетерлік жәйт, «Талантыңмен таныл» байқауының екінші маусымында былтырғымен салыстырғанда екі есе көп қатысушылар – Қазатомөнеркәсіптің барлық кәсіпорындарынан 130 қызметкер бақ сынады.

 

Конкурс төрт кезеңге бөліп өткізілді. Үстіміздегі жылғы наурызда әуелі әр кәсіпорын өз қатысушыларын саралады. Келесі кезеңде атомшылар өнерін жұлдызды қазылар алқасы бағалады. Мамыр айында өткен үшінші кезеңдегі онлайн дауыс беруде үздік өнерпаздарды іріктеуге Қазатомөнеркәсіптің 26 мыңдық ұжымы қосылды.

 

Іріктеу кезеңдері барысында вокал, инструменталдық музыка, би, көркемсөз оқу, бірегей жанрдағы жүзден астам нөмір ұсынылды. Ең үздік өнерпаздарды құрамында отандық эстрада және кино жұлдыздары – әнші, Super Star.kz конкурсының финалисті Ринат Малцагов, танымал актриса Сая Оразғалиева, сондай-ақ ҚР еңбегі сіңген әртісі Айжан Нұрмағамбетова (алқа төрайымы) бар құзыретті қазылар алқасы анықтады.

 

Сахнада онлайн-дауыс беруде Қазатомөнеркәсіпке қарасты кәсіпорындардағы қызметкерлердің ең көп дауысын жинаған үздіктер жарқырап өнер көрсетті.

Заңгер, есепші, слесарь, зертханашы, оператор сияқты уран өндірісінің басқа да мамандары өнерлерінің сан қырын паш етіп, көрермендерге нағыз шоу сыйлады. Жеңімпаздар қазылар алқасының шешімімен анықталды.

 

Бірінші орынды «ҮМЗ» АҚ өкілі Никита Попенко иеледі. Екінші орында – Бекқали Жұрымбаев, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС. Жүлдегер үштікті «ОТХК» БК» ЖШС-ның «Бақыт құсы» бишілер тобы түйіндеді. «Талантыңмен таныл-2» коорпоративтік байқауының Гран-при жүлдесін Әйгерім Айтбаева («МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС) жеңіп алды. Жеңімпаздарға ақша сертифкаттары, ал қатысушылардың бәріне дипломдар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.

«Конкурс корпоративтік рухымызды нығайтты, біз өзімізді таныту мүкіндігін алдық, бұл өзімізге деген сенімді арттырды. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз», - деді бас жүлде иегері Әйгерім Айтбаева.

 

Құттықтау сөз сөйлеген «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Бизнесті қамтамасыз ету жөніндегі бас директоры Қайрат Әбсаттаров:

«Бұл байқаудың барлық қатысушылары жеңімпаз. Сіздер кәсіпқой шеберліктеріңізбен қатар өнерге деген үлкен махаббатты да қатар алып жүрсіздер. Сан мыңдық ұжымымызға одан әрі қарыштап даму мен өркендеуді тілеймін. Бүгінгі Гала-концерт – Қазатомөнеркәсіптің 20 жылдығына лайықты тарту болды!» - деп атап көрсетті.

 

Гала-концерт қатысушыларына қолдау көрсетуге Қазатомөнеркәсіптің еншілес ұйымдарынан көптеген әріптестері келді. Олардың арасында былтырғы маусымының жеңімпазы «Волковгеология» АҚ-ның №7 ГБЭ филиалынан «Урановские бабушки» тобы да бар.

Бір айта кетерлігі, «Талантыңмен таныл» байқауының қос маусымындағы ақтық сынға қатысушылардың барлығы өз еңбек ұжымының нағыз жұлдызына айналып, олардың қатысуынсыз бірде-бір мерекелік шара өтпейтін болды.
 

Қазатомөнеркәсіп