Жас кадрларды даярлау – ҚР Ұлттық ядролық орталығының қызметіндегі басым бағыттардың бірі.
Үш кафедраның филиалдары ашылды, оқу-ақпарат орталығы белсенді жұмыс істеуде, Орталықтың қызметкерлері Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында дәрістер оқиды, PhD докторлары дайындалуда, шет елдерде тағылымдамадан өту ұйымдастырылуда. Жұмыстағы бағыттардың бірі Назарбаев Зияткерлік мектептерімен ынтымақтастық болып табылады.
2014 жылғы желтоқсанда өткен ҚР ҰЯО РМК-нің 2014 жылға арналған қызметін қорытындылауға арналған баспасөз конференциясында Семей қаласындағы зияткерлік мектеп оқушылары өздерінің «Семей қаласының, Талғар қалашығының радиациялық деңгейін зерттеу және оларды салыстыру сипаттамасы» атты жұмысын ұсынды. Жұмыс Ұлттық ядролық орталық қызметкерлерінің қызығушылығын тудырды, осылайша мектеп оқушыларына экскурсиялық бағдарламамен Орталыққа келу туралы ұсыныс түсті. ҚР Ұлттық ядролық орталығының объектілеріне жасалған экскурсия оқушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.
Ынтымақтастықтың жалғасы ретінде Қазақстанның Семей, Павлодар, Орал, Көкшетау, Қарағанды, Қостанай, Өскемен қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жоғары сынып оқушылары үшін ҚР ҰЯО негізінде 29 маусымнан 3 шілдеге дейін жазғы элективті курстар ұйымдастырылды.
Орталықтың жетекші мамандары радиоэкология, атом энергиясы бойынша ағылшын және орыс тілдерінде дәрістер оқыды. КТМ токамагына, ССП мұражайына, Ядролық технологиялар паркіне экскурсиялар ұйымдастырылып, кешкі уақытта Жас ғалымдар мен мамандар кеңесі зияткерлік ойындар мен спорттық жарыстар ұйымдастырды.
«Курчатов қаласындағы ҚР Ұлттық ядролық орталығының негізіндегі оқыту қызықты өтті. Біз атом энергетикасы саласында көп білім алғанымызға ризамыз және жоғары білікті мамандарға тәнті болдық. Осы жерде алған дағдылар мен тәжірибелерді болашақта пайдаланатынымызға сенімдіміз», - дейді Орал қаласынан келген Эльнара Ерболатова мен Адель Кеңесова.
ҚР ҰЯО