Зерттеулік ядролық реакторлардың режимдерін есептік модельдеудің мәнін оларды сенімді де қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету тұрғысынан асыра бағалау мүмкін емес.

Нейтронды физика және жылугидравлика саласының білікті есеп жүргізушілерінің болуы, заманауи бағдарламалық кодтар мен қуатты есептеу кешендерінің қол жеткізілімділігі реакторларды пайдалана отырып ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндігін анықтап қана қоймай, бүкіл жұмыстарды ұйымдастырудың жоғары ғылыми мәдениеті мен оларды жүргізудің кепілді қауіпсіздігінің куәгері бола алады.

Дәл осы себеппен Ұлттық ядролық орталықта есептік модельдеу технологияларын дамытуға және есеп жүргізушілердің біліктілігін арттыруға зор көңіл бөлінеді.

Ұлттық ядролық орталықтың есеп жүргізушілерін машықтандыру жөніндегі іс-шаралардың бірі Курчатов қаласында (ШҚО) 2015 жылғы 18-22 мамыр аралығында Тынықмұхиттық Солтүстік-Батыс Ұлттық зертхана (PNNL, АҚШ) мен Харьков физика-техникалық институтының Активті аймақтарды жобалау орталығының (Украина) кооперациясы шеңберінде өткізілді.

Бұл тренинг үшінші мәрте өткізіліп отыр, бүгінгі таңда бір мәрте өткізілетін жаттығулар қатарынан шығып, тұрақты негізде өткізілетін іс-шаралар дәрежесіне ие болды.

ҚР ҰЯО-ның 18 маманы дәріс алып, Активті аймақтарды жобалау орталығы сарапшыларының басшылық етуімен практикалық сабақтарда нейтронды физикалық және жылугидравликалық модельдеу бағыттары бойынша машықтану өтті, бұл ретте ҚР ҰЯО-ның зерттеу реакторларына тән немесе олар үшін гипотеза бойынша ықтимал процестерді зерттеуге баса назар аударылды.

Тренинг жүргізу кезінде қазіргі уақытта АЭС реакторларын қоса алғанда, кез-келген реактор қондырғысына қатысты талдамалық зерттеулер жүргізу кезінде негізгі құралдар топтамасы болып табылатын заманауи бағдарламалық жасақтама қолданылды.

Уақыт өте келе тренигті ұйымдастырушылар АЭС реакторлық қондырғыларын есептік модельдеу саласының техникалық сарапшыларын даярлау міндетін шешуге көше отырып, энергетикалық ядролық реакторларға баса көңіл бөлуді көздеп отыр. Бұл жоспарды іске асыру қажеттілігі Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті салу туралы шешім қабылдауда күмән туғызбайды.

Ұлттық ядролық орталықтың қызметкерлері оқытуды ұйымдастыру процесінің жоғары сапасы мен инструкторлық-дәріс беруші құрамның жоғары біліктілігін атап өтті. Өз кезегінде Харьковтан келген сарапшылар ҚР ҰЯО есеп жүргізушілерінің біліктілігінің лайықты деңгейі жағымды әсер қалдырғанын және болашақта оқыту тренингтерін өткізу практикасын жалғастырмақ ниетте екендерін білдірді.

ҚР ҰЯО