Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Атом энергиясын пайдалану туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Заң жобасы ядролық, радиациялық және электрофизикалық қондырғыларды орналастыру, салу, пайдалану және пайдаланудан шығару кезінде қауіпсіздіктің қағидаттары мен негізгі талаптарын белгілеуге бағытталған. Атом жнергиясын пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамту және оны реттеу атом энергиясын пайдаланатын мекемелерге қауіпсіздік деңгейінің талаптарын орындауға, оларды жүзеге асыруға кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, заң жобасы қоршаған ортаны қорғауды көздейді, яғни, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жауапкершілік уәкілеттілігін анықтау арқылы қоршаған ортаны қорғаудың тиімді жолдары анықталады»,-деп атап өтті аталмыш мәселе бойынша баяндама жасаған Энергетика министрі Владимир Школьник. Депутаттар талқылай келе, Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Сонымен қатар, бүгін Мәжіліс жоғарыдағы құжатқа леспе заң – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады. Осы заң жобасы аясында азаматтық кодекске енгізілетін түзетуді алып тастау көзделген. Бұл түзетудің мағынасы – егер сақтандыру жағдайы радиацияның немесе радиоактивтік зақымданудың салдарынан орын алған болса, сақтандырушылар сақтандыру төлемінен босатылмайтындығына кепіл береді. Өзгерістің мақсаты – атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөнінде, мысалы, мұнай саласында, геологиялық барлауларда, медицинада және басқа да осы сияқты қызметті жүзеге асыруға байланысты, сондай-ақ экономиканың барлық саласында аппараттар мен қондырғыларды пайдалану кезінде радиацияның әсерінен зардап шеккен үшінші тұлғаларға қатысты радиациялық тәуекелдерді сақтандыруды заңнамалық тұрғыда бақылау.

BNews.kz